Алтай Көлгінов "Жағалау-3" ТК (А-Ж блоктары), Сығанақ көшесі, Қорғалжын тас жолының оңтүстігіне қарай орналасқан "Жағалау-4" ТК құрылысы орнында болды, сондай-ақ Тұран даңғылының батысына қарай Сығанақ көшесі (жобаланатын) бойында орналасқан салынып жатқан "Шығыс" ТК мәселелерімен танысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұл тұрғын үйлерде 1500-ден астам үлескер өз пәтерлерін күтуде. Кездесу барысында олар құрылыстың созылуына қатысты наразылықтарын білдірді.
Үлескерлермен әңгімелескен әкім өз тарапынан әкімдік нысандарды тапсырудың бекітілген мерзімі орындалуы үшін барлық шараларды қолданатынын атап өтті. "Құрылысты салушылар үлескерлердің ақшасын пайдалана отырып, үй салу міндетін өз мойнына алды, бірақ адамдардың сенімін ақтамады. Мұндай теріс пиғылды адамдармен алдағы уақытта жұмыс істемейтін боламыз. Енді аталмыш мәселені өз күшімізбен жеткізетін боламыз. Ең бастысы құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік қаражат бөлінді. Құрылысты аяқтау және үлескерлердің ұзаққа созылған мәселелерін түпкілікті шешу процесін бақылауда ұстаймыз", - деді әкім.