Алты оқушы халықаралық Олимпиадада топ жарды

1405

Қазақстандық оқушылар Физика және лингвистика пәндері бойынша өткен халықаралық олимпиадаларда 6 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алты оқушы халықаралық Олимпиадада топ жарды

Жас физиктер құрама қоржынына 5 күміс, лингвистер 1 қола медаль салды. Қатысушыларды ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында құттықтады. 

Халықаралық физика олимпиадасы (IPhO-2021)  17-24 шілде аралығында Литвада онлайн форматта өтті. Зияткерлік байқауда әлемнің 76 елінен 368 оқушы бақ сынады. Қазақстанның атынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Павлодар қаласынан бес оқушы, яғни республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаздары қатысты. Ұлттық құраманы жарысқа тәжірибелі педагогтер мен жаттықтырушылар дайындады.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды, олар 19 және 21 шілдеде өтті. Қатысушылар физика пәні бойынша түрлі теориялық және практикалық тапсырмаларды шешті. Өткен жылдың рекордын жаңартып, қазақстандық оқушылардың барлығы күміс медаль иегері атанды. Олар – Қалдыбаев Рауан, Драганчук Антон, Рахымжанов Дінмұхаммед, Алпамыс Ризабек, Пітебай Ерсұлтан.

Халықаралық лингвистика олимпиадасы (IOL-2021) Латвияда онлайн режимде өтті. Оған Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз және Қарағанды қалаларынан төрт оқушы қатысты. Қазақстан құрама командасы республикалық олимпиаданың жеңімпаздарынан жасақталды. Олар әлемнің 30-дан астам елінің қатысушыларымен бақ сынасты.

Сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші турда қатысушылар бес тапсырманы шешіп, екінші турда командалық жоба дайындады. Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржыны бір қола медальмен толықты. Оны елордалық оқушы Пересыпкина Дарья иеленді.

"Құрметті олимпиада жүлдегерлері! Сіздерді жаңа жеңістеріңізбен құттықтаймын! Қазақстандық оқушылар мықты дайындығын, білімдерінің жоғары деңгейін тағы да дәлелдеді. Сіздер өз құрдастарыңыздың арасында физика және лингвистика әлемінде көшбасшы бола алдыңыздар. Осындай жетістіктер қажырлы еңбектің, шыдамдылық пен қайсарлықтың, бірнеше жылдық жоғары дайындықтың нәтижесі екені анық. Болашақта сіздердің есімдеріңізді отандық ғылым әлемінде көретінімізге үміт артамыз. Сіздерге жаңа жетістіктер тілеймін! Сондай-ақ олимпиадаға қатысқан оқушылардың ұстаздарын, ата-аналарын және жаттықтырушыларын құттықтаймын. Жеңімпаздардың жоғары нәтижелерге қол жеткізуі сіздердің еңбектеріңіздің арқасы екені белгілі. Өз кезегінде, Білім және ғылым министрлігі  оқушыларымыздың ғылым әлемін одан әрі бағындыруы мен өз рекордтарын жаңартуы үшін жағдай жасауды жалғастыратынын атап өткім келеді", – деп жазды ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook желісіндегі парақшасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу