"Алтын домбыра" иесі облыстық ақындар айтысында топ жарды

1149

Павлодарда "Тәуелсіздікке тағзым" айтысы өтті.  

"Алтын домбыра" иесі облыстық ақындар айтысында топ жарды

Соңғы бірнеше жыл дересінде алғаш рет Ертіс-Баян өңірінде кең көлемдегі айтыс ұйымдастырылды. Екі күнге созылған сөз додасына аймақтың 28 ақыны қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Олардың қатарында Бейсембі Мұқажанов, Жұмкен Сейітов, Шолпан Байғалы сынды алдыңғы буын өкілдерімен қатар, талай додадан олжалы оралып жүрген Аспанбек Шұғатаев, Рауан Қайдаров, Қуанышбек Шарманов, Бейбіт Бөжен, сондай-ақ айтыс әлеміне енді қадам басып жатқан жастар бар.

Ақындарға баға берер қазылар алқасына "Жұлдыз" әдеби журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай төрағалық етті. Сол сияқты белгілі айтыскер, бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы Ұлттық университеттің профессоры Аманжол Әлтаев та ақындардың өнерін сарапқа салды.

Көптен бері айтысқа сусап қалған ағайынның санында шек болған жоқ. Тек санитарлық-эпидемиологиялық шектеулерге байланысты олардың біразына айтысты онлайн тамашалауға тура келді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған сөз бәсекесі тартысты өтті. Ақындар бар өнерін ортаға салып, шеберліктерімен танылды. Нәтижесінде қобызды серік еткен Успен ауданының тұрғыны Бөкен Жігер мен павлодарлық Мизан Жұмәлі үшінші орынды өзара бөлісіп, әрқайсысы 500 мың теңгені иеленді. Ақтоғай ауданының намысын қорғаған Рауан Қайдаров пен Павлодар қаласының атынан шыққан Қуанышбек Шарманов екінші орынға лайық деп танылып, оларға 700 мың теңге табысталды. Бірінші орынды ақтоғайлық Абзал Қабдраш еншілеп, 1 млн теңгеге ие болды. Ал бас жүлдені "Алтын домбыра" иегері, баянауылдық ақын Аспанбек Шұғатаев қанжығасына байлады. Жеңімпаз 2 млн теңгелік ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу