"Алтын-Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жабайы табиғаттағы ерекше сәт фототұзаққа түсіп қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бір суаттың маңында бірі – жыртқыш, екіншісі – ықтимал жемтік саналатын бүркіт пен бірнеше қарақұйрық қатар жүрген.
Табиғатта бүркіт қарақұйрықтың жас төлдеріне қауіп төндіруі мүмкін. Ал қарақұйрықтар жыртқыш құстан әдетте сақ жүреді. Алайда бұл жолы жануарлар бір-біріне жақын болғанымен, алаңдаушылық танытпаған.
Мұндай көрініске жазғы аптап ыстық пен суға деген қажеттілік әсер етуі мүмкін. Ыстық күндері суаттар жабайы жануарлар үшін аса маңызды орынға айналады.
Фототұзақ Алтын-Емелдің табиғатындағы осы тосын көріністі тіркеп алған.