Қазақстандық үш кино туынды "Шет тіліндегі үздік фильм" номинациясы бойынша америкалық "Алтын глобус" жүлдесінің лонг-листіне кірді. Бұл туралы "Қазақфильм" киностудиясы хабарлады.
Үміткерлердің тізіміне кірген отандық туындыларды атап айтсақ, Ермек Тұрсыновтың "Шырақшы", Ақан Сатаевтың "Томирис", Фархат Шәріповтың "Тұлғалық өсу тренингі".
Оның ішінде "Шырақшы" фильмі отандық прокатка келесі жылдың басында шығады. Жалпы туынды соғыстан қайтқан сарбаздың өмірін баяндайды.
Ал "Томирис" тарихи кино туындысы біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда өмір сүрген атақты Тұмар ханша туралы.
Фархат Шәріповтың "Тұлғалық өсу тренингі" - бұл орта жас күйзелісін бастан өткеріп жүрген Қанат есімді банк қызметкерінің тағдырынан сыр шертеді.
Жалпы америкалық "Алтын глобус" жүлдесінің "Шет тіліндегі үздік фильм" номинациясы бойынша лонг-листіне әлемнің 65 елінен 93 туынды кірген. Шорт-лист 9 желтоқсанда белгілі болады.
Ал 77 "Алтын глобус" жүлдесін табыс ету шарасы 6 қаңтарға қараған түні өтеді.