Алтын өндіретін зауыттың жұмысшылары жалақыларын елу пайызға көтеруді талап етті

739

Ақтоғай ауданына қарасты алтын өндіретін "АлтынАлмас" кәсіпорнының жұмыскерлері шыдамдары таусылып, наразылық білдіруге шыққан. Жұмыскерлер жалақыларын елу пайызға көтеруді және сыйақы беруді талап етті.

Алтын өндіретін зауыттың жұмысшылары жалақыларын елу пайызға көтеруді талап етті

Зауыттағы жұмыскерлердің жалақысы 98 мың мен 120 мың теңге арасында. Жұмысшылардың айтуынша жұмыстарында 300 мың теңге жалақы алатындар бар, алайда олардың саны санаулы.

"Нақты қолға 95 мың теңге жалақы алатындар да бар, көбісі 120 мың теңге алады. Тәулігіне 11 сағат бойы үсті-басың малмандай су болып жүріп жұмыс істейсің. Денсаулыққа келіп жатқан зияны да өтеліп жатқан жоқ. Осы жерде жұмыс істейтіндердің көбі жақын маңдардағы ауылдардан келеді. 120 мың теңгемен отбасыңды асырайсың ба әлде отын суға жеткізесің бе?", – дейді аты-жөні айтуды қаламаған жұмыскер.  

Наразылық білдіргендерге зауыт басшылығы "ұнамаса жұмыстан шығыңдар" дейтін көрінеді.

Алтын шығаратын зауыт аумағында орналасқан Ақтоғай ауданы әкімшілігі зауытта жұмысшылар наразылық білдіргенін, бүгінде жағдай тұрақталып жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді.

"10 шілдеде Ақтоғай филиалына қарасты "АлтынАлмас" АҚ алтын кенішінде бірінші ауысымдағы жұмысшылар жалақы мәселесін талқылау үшін жиналған. Жұмыс тобы құрылып, оның құрамына компания өкілдері мен қызметкерлері кірді. Оған тәуелсіз сарапшылар да тартылатын болады. Жұмысшылардың бастамасы қарастырылады. Кәсіпорындағы жағдай тұрақты, барлық жұмысшылар өз орындарында", – деп мәлімдеді Ақтоғай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Билік жалақы мәселесін жұмыс тобы қарайды деп отыр. Алайда құрғақ сөзге тойған жұмысшылар күмәнмен қарайды.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу