Алтын өндіруші компаниялар заңсыздықтарға жол берген - Дархан Қыдырәлі

452

Оның сөзінше, оңай олжа іздеушілер экологиялық талаптарды ескермей жатады.

Алтын өндіруші компаниялар заңсыздықтарға жол берген - Дархан Қыдырәлі Фото: inbusiness.kz

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі алтын өндіру саласындағы заңсыздықтарға тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Таяуда біздің атымызға Түркістан облысының Абай ауылының 127 азаматы қол қойған ұжымдық хат келіп түсті. Тұрғындардың жан айқайын жеткізген хатта көрсетілгендей, компаниялардың бірі 2019-2023 жылдар аралығында Көкбұлақ ауылына қарасты Қайыршақты өзенінің бойында алтын өндіру бойынша барлау жұмыстарын жүргізген. Жергілікті халық қазба жұмыстары жүргізілген өзен бойы адам шошырлық экологиялық апаттық жағдайда қалғанын, оңды-солды қазылған жерлерде ойдым-ойдым шұңқырлар пайда болғанын айтады", - деді Дархан Қыдырәлі. 

Сенатордың дерегінше, дәл осы компания Үлкен және кіші Көкбұлақ өзендерінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ниетті. Аймақ тұрғындары дабыл қағып, экологиялық апатқа қатысты жағдай қайталана ма деп қауіптеніп отыр. 

"Шығыс Қазақстан, Ақмола, Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстарында осындай жағдайлардың болғанын баспасөзден жақсы білеміз. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында алтын іздеушілер Құлынжон өзенінің арнасын өзгерткен. "Қара қазушылар" қатары көбейіп келеді. Лицензияларында көрсетілген шектеулерден асып кеткен немесе арнайы рұқсаты, білікті маманы жоқ оңай олжа іздеушілер экологиялық талаптарды ескермейді. Қазба байлықтарын барлауда жаңа технологиялар қолданылмайды. Есесіне заңсыз жер қойнауын өндірушілер жабайы жолмен тау-тасты талқандап, бульдозер, грейдерлермен өзендердің астаң-кестеңін шығарады. Жағалауларды жекешелендіріп алған кейбірі халық су ішіп отырған өзендерге түрлі химиялық реагенттер қолданады", - деді депутат.

Оның айтуынша, бұл үшін компаниялар жазаланбайды, олардың лицензияларын қайтарып алмайды, көбіне компанияларды уақытша басқарып отырған менеджерлерге айыппұл салынады.

Дархан Қыдырәлі Қайыршақты өзенінің төңірегін қайта қалпына келтіру қажет екенін баса айтты.

Сенатор Үкімет пен Бас прокуратура басшыларын геологиялық барлау жұмысын жүргізу жөніндегі тапсырманың сапалы орындалуына бақылауды күшейтуге шақырды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу