Алтын өндірушілер Қарабаққа көз тікті

166

Британдық алтын өндіруші Қарабақтағы "әлеуеті жоғары жобаларға" рұқсат беруді сұрайды. 

Алтын өндірушілер Қарабаққа көз тікті Фото: prometall

Әзербайжанда алтын, күміс пен мыс өндірумен айналысатын Anglo-Asian Mining (Aam) компаниясы Республика Үкіметімен Қарабақ экономикалық ауданындағы келісімшарттық учаскелеріне қол жеткізу бойынша келіссөздерді бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы бүгін Report Британдық алтын өндірушінің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

"Әзербайжан 2023 жылы Қарабақтың толық егемендігін қалпына келтірді, ал жақында Ресей бітімгерлері аумақтан біржолата шығып кетті. Компанияның әлі Қарабақтағы келісімшарттық учаскелеріне қол жетпей отыр. Дегенмен, Үкіметпен келісімшарттық аумақтарда орналасқан активтерге қол жеткізу және өндіруді бастау туралы алдын ала келіссөздер басталды", — делінген хабарламада.

Anglo-Asian Mining Қарабақта "әлеуеті жоғары жоба" — "Демирли" мыс-молибден кеніші бар екенін атап өтті.

"AAM Қарабақтағы келісімшарттық аумақтарындағы активтерге қатысты әртүрлі құжаттарды алуға және сәйкестендіруге кірісті, ал техникалық топ жақында Демирли өңдеу зауытына барды", — деп атап өтті компания.

PSA (Production Sharing Agreement, "өнімді бөлу туралы") келісімшартына сәйкес Anglo Asian Mining Әзербайжанда 8 келісімшарттық алаңды, оның ішінде Қарабақта — "Қызылбұлақ" алтын кен орнын және "Демирли" мыс-молибден кен орнын игеру құқығына ие. Агдерин ауданында орналасқан "Қызылбұлақ" келісімшарттық аумағының ауданы 462 шаршы км, оған іргелес "Демирли" учаскесі — 74 шаршы км. Anglo Asian Mining қазіргі уақытта "Гедабек" және "Гоша" келісімшарттық алаңдарында жұмыс істейді.

PSA келісімшартына 1997 жылы 21 тамызда қол қойылды және алты кен орнын игеруді көздеді. Әзірбайжанның келісімшарттағы үлесі 51%, Anglo Asian Mining — 49% құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу