"Алтын Орда" базары маңындағы жол айрығының биыл да аяқталатын түрі жоқ

781

2017 жылдың күзінде басталған жұмыстар әлі аяқталар емес. 

"Алтын Орда" базары маңындағы жол айрығының биыл да аяқталатын түрі жоқ

Биыл шілде айының басында Асқар Мамин құрылысшыларға "Алтын Орда" базары маңындағы жол айрығының құрылысын аяқтауды тапсырды. Премьер-министр "алматылықтар қараша айында аталған жолмен қатынауы керек" деп баса айтса да, жүктелген жұмыс өз мәресіне жеткен жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұған қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті түсініктеме берді.

Ведомствоның хабарлауынша, бастапқыда жол айрығының құрылысын "Дәулет Дорстрой" серіктестігі жүргізген.  2019-2020 жылдары мердігердің жұмыс қарқыны төмен болғаны атап өтілді. Құрылысшыларды, техниканы жұмылдыру әлсіз, қажетті жол құрылыс материалдарын уақытылы сатып алмаған.

Жұмыс баяу қарқынмен жүргізілгендіктен, биылғы жылдың сәуір айында келісім-шарт бұзылды.  

"Жұмысты аяқтауға жаңадан "Сина Мидас Строй" серіктестігі тартылды. Оған қызметкерлерді, техниканы жұмылдыру, сондай-ақ қажетті жол-құрылыс материалдарын сатып алу үшін белгілі бір уақыт қажет болды. Тиісінше, бұл жоба бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімі шегерілді", – деп хабарлады комитеттен.

Шенеуніктердің айтуынша, "Sina Midas Stroy" БК-мен келісімге 30 сәуірде қол қойылған.

"Құрылыс мерзімін ұзартудың негізгі себептерінің бірі өте күрделі технологиялық процестер болып табылады. Олар материалдардың қолдануға жарамдылығы жағынан жауап береді. Бұл конструкцияда беріктігі жоғары арматураны қолдану арқылы құрылыс жағдайында темірбетон конструкцияларын алдын ала кернеу технологиясы. Бұл кейіннен керілген арқандармен бетонның беріктігін алу үшін белгілі бір уақыт шеңберін талап етеді", – деп қосты Автомобиль жолдары комитетінде.

Жаңа мердігер 200-ден астам адам мен 50-ден астам техника жұмылдырған. Бұл жоба бойынша екі ауысымдық жұмыс тәртібі жасалды.

"Қазіргі уақытта монолитті қондырма бойынша жұмыстар аяқталды. Бұл үшін шамамен 12 мың текше метр бетон және алты мың тонна беріктігі жоғары арматура жұмсалды. Асфальтбетон жабындысын орнату жұмыстары аяқталу сатысында", – деп жазылған хабарламада.

Жылдың соңына дейін эстакада мен жалпы учаскедегі қозғалысты толық ашу жоспарлануда.

"Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол өткелінде көлік қозғалысы ашылғанға дейін сыртқы жарықтандыру, шлагбаумдық қоршаулар мен уақытша белгілерді орнату жұмыстары аяқталады", – деп қорытындылады комитет.

Еске сала кетсек, Алтын Орда маңындағы жол айрығы мен 10 жолақты жолдың құрылысы 2017 жылдың күзінде басталған болатын. Алайда құрылыс жұмыстары ұзаққа созылды. Соңғы рет шенділер оның қараша айында аяқталатынын айтып, көлік кептелісінен мезі болған облыс тұрғындарына уәде берген. Алайда "баяғы жартас, сол жартас" құрылыс жұмыстары тағы да шегерілді. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу