Жоба туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев онлайн брифинг барысында ашып айтты.
"Тұжырымдаманы жүзеге асыру арқылы 2025 жылға дейін 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Жыл сайын келетін саяхатшылар саны 20 мыңнан 78 мың адамға көбейеді. Нәтижесінде бюджетке түсетін қаржы 10 есеге артады",– деді Ерлан Нысанбаев.
Оның сөзінше "Алтынемел" ұлттық паркін дамыту тұжырымдасы бойынша 3 маршрутты ретке келтіру жоспарланған. Сонымен қатар онда автокөлік тұрағы мен этноауыл салынбақ.
"Туристер тамақтануы үшін жылжымалы асхана ұйымдастырылады. Саяхатшылар маршрут бойынша Шоқан Уәлиханов бұлағына бара алады. Бұл жерде де жылжымалы асхана жұмыс істейді, келушілерге демалып отыратын жерлер қарастырылады", – деді вице-министр.
Сонымен қатар ол бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін инвестор тартылатынын айтты. Бұған қоса ұлттық парктегі өзгерістерді бақылып, тәуелсіз баға беру үшін қоғамдық кеңес құрылмақ.
"Іле Алатауы", "Шарын" ұлттық парктері мысалында "Алтынемелде" қолға алынған жұмыстарды бақылап, тәуелсіз баға беру үшін қоғамдық кеңес құрылады",– деді спикер.
Құралай Құдайберген