Алматы облысындағы "Алтынемел" ұлттық мемлекеттік табиғи саябағында қарақұйрық пен құландарды санау жұмыстары басталды, деп хабарлайды 24.kz.
"Алтынемел" ұлттық мемлекеттік табиғи саябағындағы Қызыл кітапқа енген жан-жануарларды санау жұмыстары қыстың соңғы күндерінде жүргізіледі. Өткен жылғы санақтың қорытындысы бойынша мұндағы қарақұйрықтың саны 5 мыңнан асса, құлан 4 мың басқа жетіп қалған.
"Алтынемел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде былтыр 5215 қарақұйрық саналып, 3500-ден астам құлан саналса, биыл осы межеден кем түспейді деген ойымыз бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің стратегиялық бағдарламасы бар. Сол жерде нысаналы индикаторларда көрсетілген құлан мен қарақұйрықтың өсімін 0,9 пайыздан түсірмеуіміз керек", – дейді облыстық жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Нұрқуат Қонысбаев.
Жалпы, Алматы облысында 5 ерекше қорғалатын табиғи аумақ пен 2 мемлекеттік қорық, 7 қорықша бар. Ондағы биологиялық әралуандықты қорғап, дамыту мақсатында ұлттық саябақтардың аумағын ұлғайту қажеттілігі туындап отыр.