Алюминий өндірушілері салықтан босатылды

1037

Бұйрыққа тиісті өзгерістер енгізілді. 

Алюминий өндірушілері салықтан босатылды

Бұдан былай алюминий қорытпаларын сыртқа сататын кәсіпорындар экспорттық салық төлемейтін болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

ҚР Сауда және интеграция министрінің бұйрығына сәйкес, құйма және сұйық түріндегі алюминий қорытпаларына салынатын экспорттық салық алынып тасталды. Ал оған дейін алюминий өнімдерін шығаратын отандық компаниялар шетелдіктерге "Қазақстанда жасалған" тауарды жеткізгені үшін мемлекетке 3% көлемінде салық төлеп келген еді.

Міндетті төлемнің бұл түрі кейбір кәсіпкерлердің қалтасына салмақ түсіргенге ұқсайды. Мәселен, Павлодар қаласындағы алюминий қорытпаларын шығаратын "Giessenhaus" ЖШС айына шамамен 2-8 вагон дайын өнімді көршілес мемлекеттерге жөнелтеді. Әр вагон үшін орта есеппен 1,5 млн теңге экспорттық салық төлейтін еді. Енді бұл міндетті төлемнен босатылды.

"Біз алғашқылардың бірі болып экспорттық салықты алып тастау туралы құзырлы органдарға хат жазған едік. Бұл ұсынысқа негіз болар нақты дәйектерді келтірдік. Мәселен, экспорттық салықтан үнемделген қаражатты қызметкерлер санын көбейтуге, кәсіпорынның дамуына жұмсауға мүмкіндік туады", - дейді "Giessenhaus" ЖШС директоры Эдуард Швец.

Ай сайын павлодарлық компания Беларусь, Өзбекстан мен Тәжікстандағы серіктестерге алюминий қорытпаларын терезелер, шлагбаумдар мен қақпалар өндірісінде пайдалану үшін жібереді. Ресей елінің компаниялары қазақстандық өнімді автомобиль дискілерінің шикізаты ретінде қолданады.

"Басқа да міндетті төлемдерден бөлек экспорттық салық төлеуге тиіс болғандықтан, өнімнің өзіндік құнын арттыруымызға тура келген еді. Соның салдарынан кейбір серіктестер басқа компаниялардың арзан өнімін алуды құп көрді. Енді қосымша ақы төлемеген соң алюминий қорытпаларының бағасын түсіреміз. Бұл экспорттық көлемді көбейтуге әсер етеді деген сенім мол", - дейді компания басшысы.

Айта кетейік, бүгінде "Giessenhaus" кәсіпорнында жылына 18 мың тонна алюминий қорытпасы шығарылады. Үнемделген салықтық қаражаттың есебінен қосымша пештер сатып алып, қуаттылықты арттыру көзделіп отыр.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу