Алжир халқы бас көтеруде. Ереуілшілер президенттік сайлаудың өткізілуіне қарсы. Бұл туралы Euronews агенттігі хабарлады.
Елдің ірі қалаларын шарпыған бас көтерулерге оппозиция өкілдері, құқық қорғау және жастар ұйымдарының мүшелері қатысқан. Қазіргі билікке қарсы шыққандардың пікірінше, сайлауға өткен үміткерлердің барлығы да мемлекеттің бұрынғы басшысы Әбдел Әзиз Бутефликаның өкілдері көрінеді. Сондықтан олар ешқандай өзгеріс болмайды деп, наразылығын білдіру үшін қала көшелеріне шығып отыр. Ереуілшілер дауыс беруге бойкот жариялау керек деген ұрандар тастауда. Ресми дерекке сүйенсек, жергілікті полиция ондаған адамды қамауға алған.
Тіпті Франциядағы алжирлықтар да елдегі консулдықтың алдына келіп, дауыс беруге кедергі келтірмек болған. Өкілдіктің алдына шамамен 150-ге тарта кісі шыққан. Олардың дені – жастар.
Айта кетейік, Алжирдағы толқулар ақпан айында басталған болатын. Бастапқыда наразы топтар Бутефликаның отставкаға кетуін талап еткен. Ол билік басынан кеткенімен де, наразылық басылмады. Енді халық бұрынғы режимнің басқа да өкілдерін биліктен кетіруге тырысуда.
Табиғат Нұрболат