Амал келді – жыл келді!

423

Бұл мерекені Маңғыстау жұрты ерекше ықыласпен тойлайды.

Амал келді – жыл келді! Фото: Тасым Жаңай

Бүгін, 14 наурызда маңғыстаулықтар таң бозарып атқаннан тұрып, ұлттық киімдерін киіп көрісуді бастайды. Кішілер үлкендерге келіп қол алып көріседі, құда- жекжат, апа-әжелер мен ақсақалдар төс түйістіріп көрісуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.                                                                                             

Маңғыстауда "Адай ата-Отпан тау" тарихи-мәдени кешенінде Амал мерекесіне орай “Бірлік отын” жағу рәсімі өтті. Маңғыстаудың ең биік шыңында от жағу дәстүрі тарихтың тереңінен бастау алады. От жағу бірлікті білдіреді және ұйымшылдықтың белгісі. Көрісуге шетелдер мен еліміздің әр өңірінен келгендер көп.

"Өзбекстаннан ат арылтып келдім. Жыршы, өнерпаздарымызды алып келді. Әр жыл сайын тойланатын Амал меркесінің маңызы зор. Қазақтың бірлігінің, татулығының куәсі. Баққандарыңыз қой болсын, жасағандарыңыз той болсын! Қазақстан жайлы мекен болсын!"- дейді Өзбекстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет саласының қызметкері Махаммад Эшбоев.                                                                                                                  

"Алматы облысынан арнайы келіп, Амал меркесіне қатысып отырмын. Бала кезімізден 14 наурызда көрісіп, наурыз көже ішіп өстік. Аталарымыздың құтты қонысы болған жер. Содан бері көрісу үзілген жоқ. Жастарға батамды беруге келдім. Ақ мол болсын, жайлы жыл болсын! Көктем меркесі құтты болсын!", - дейді Саламат Спан.                                                                                                                                                                                                                                                     

Маңғыстаулықтар жыл сайын Отпан тауындағы Амал мерекесін атап өтеді. Биылғы жылы шараны ұйымдастырушылар - Мұңал ата ұрпақтары.                                      

"Ғасырлар бойы бұл күн терең рухани мағынаға ие болды. Біздің ата-бабаларымыз өткен қыста отбасы мен қыстан аман шыққанына қуанды, бүгін біз бір-бірімізді көктемнің басталуымен құттықтаймыз, реніштерімізді кешіреміз және күнделікті қарбаласта жақындарымызға уақыт табамыз деген ниетпен. Ұрпақтар сабақтастығы орнайды, бірақ "көрісу күні" көктемнің жақындап келе жатқанын және жаңа үміттер мен мүмкіндіктердің пайда болуын еске салып, тұрақты мереке болып қала береді.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, "бірлік пен келісімге шақыратын Амал мерекесі - халқымыздың дәстүрлі жауаптылығының шынайы көрінісі". Бұл мереке баршаңыздың жүрегіңізді жылулық пен қуанышқа толтырсын! Сіздерге бақыт, жақсылық және амандық тілеймін!", - деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Өңір тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтауға Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева да келді. Іс-шарада ұлттық спорттық ойындар, аламан бәйге, қыз қуу, тазы иттерге арналған жарыстар ұйымдастырылды.

Көпшілік назарына "Сәлем сөздің атасы" атты театрландырылған қойылым ұсынылады, содан кейін амалды салтанатты түрде тойлау басталады. 

Жыл сайын әр ата ұрпақтары тойлау рәсімін кезекпен қолға алады. Бүгін Мұңал ата ұрпақтары Қосай Ата ұрпақтарына бірлік алауы мен амалды мерекелеу эстафетасын тапсырды.

Айта кетейік, Отпан тау - Маңғыстау облысындағы ең биік нүкте. Оның шыңында 37 метрлік Адай ескерткіші және әкесінің екі қанатына айналған Құдайке мен Келімберді ұлдардың екі мұнара стеласы бар. Адай-ата тарихи тұлға және батыр болған.  2007 жылы оның құрметіне "Отпан тау" тарихи-мәдени кешені ашылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу