Мұңал ата ұрпақтары ұйымдастырған "Қазақтың Амалы-Бірліктің қамалы"мерекесі аясында ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтті. Соның ішінде құмай тазы жүгірту сайысы сәтті өтіп, жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мереке аясында 21 шақырым қашықтыққа ат жарысы өтті. Жарысқа 15 шабандоз қатысты. Бас жүлдені Есенғали Сүйіндіков, екінші орынды Асхат Телеугусов, ал тұғырдың үшінші сатысын Ералы Ибасов жеңіп алды. Жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. Бірінші орын үшін - 3 млн теңге, екінші орын үшін - 1 млн теңге, үшінші орын үшін - 500 мың теңге.
Сондай-ақ, Аламан бәйге бойынша ойын барысы қызықты өтті. 37 шабандоз бас жүлдеге таласып, тартысты қызу ойын нәтижемен аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша Мұнайлының Аман Жұмамұратов пен оның жылқысы "Дау Күрең" бірінші орынды иеленді, мәреге екінші болып Ақтау қаласының Аңшыбаевтар әулетінің "Мустанг" тұрақтады, ал "қола" жүлдеге Орал шабандозы Шангерей Мұхамеджанға бұйырды, оның Селбиясы медаль аймағына кіруге мүмкіндік берді.
Жеңімпазға аламан бәйгеге бас жүлде - автокөлік табысталды, екінші және үшінші орын иегерлері тиісінше -3 және 1,5 млн теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталды. 10 наурызда ит жарысына Маңғыстаудың түкпір-түкпірінен жиналған 25 тазы қатысты. Нәтижесінде 8 құмай тазы іріктеліп алынды. Олар бүгін жемтігін қуып, мәреге дейінгі қашықтықты жүріп өтті.
Нәтижесінде бірінші орынды Ақтау қаласынан, Таймас атты тазысымен Дінмұхаммед Бақтыбай ие болды. Екінші орынды Ақшұқыр ауылының тұрғыны Есмұрат Сүйеубергенов найзағайдай жылдам "Құмай" атты тазысымен жеңістік көрсетті. Ал ең мықты үштікке "Барон" атты тазысымен Өмірзақ ауылының тұрғыны Сержан Нұриев азамат иемденді.