Комиссияның қатысуымен 22 қаңтардан бүгінге дейін 85 адам қамаудан шығарылған: Алматы қаласынан 68 адам, Алматы облысынан тоғыз адам, Шымкент қаласынан сегіз адам. Оның ішінде 12 кәмелетке толмаған бала, екі әйел бар.
Адвокаттың айтуынша, алдағы уақытта ШҚО-да – 24 адам, Шымкентте бес адам босатылады.
"Қамаудан шыққандар, әрине, толықтай кінәсіз дей алмаймыз.Неғұрлым кінәсіздігін дәлелдейтін айғақтар басым адамдарды шығардық. Біз негізінен бас шарасын өзгертуге, айыпты жеңілдетуге қол жеткіздік", - дейді Абзал Құспан.
Заңгердің сөзінше, комиссия адамдарды іріктеп шығаруды ойламайды.
"10 адам шығарсақ, соның үшеуінің іздеп келетін адамы жоқ, адвокат жалдауға жағдайы жоқ. Біз және тағы басқа таныс қорғаушылар тегін қызмет көрсеттік. Шыққанда баратын жері жоқтарды таныс адамдар арқылы орналастыруға да атсалыстық. Іріктеп шығарды деген пікірлер айтылып жатса, ол жансақ деп есептейміз", - деді Құспан.
Комиссия бұл брифинг аралық есеп беру екенін айтады. Жұмысты ары қарай жалғастырмақ. Бүгінге дейін Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, ШҚО, Жамбыл.облыстарында жұмыс істеп келген.
"Біз енді әр өңірге барып, әр адаммен кездесіп, олардың ісімен жеке-жеке жұмыс істегеннен гөрі, орталық органдар арқылы тиімді жұмыс істеуге көшпекпіз. Бас прокуратура мен президент әкімшілігі арқылы жүйелі жұмыс істемекпіз. Өйткені жеке-жеке жұмыс істеу көп уақыт алады", - дейді комиссия төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, "Аманат" комиссиясында екі өкілеттік бар. Бірінші, тергеу изоляторларына кіріп, қамалғандармен көзбе-көз тілесу; екінші, қылмыстық іс құжаттарымен танысу.