Отырыста комитеттің құрамы мен ережесі бекітілді. Комитет төрағасы болып Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев сайланды.
Комитет құрамына Энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің, "ҚазМұнайГаз", "QazaqGaz" ұлттық компанияларының, "PSA" ЖШС, Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығының, "KazEnergy" қауымдастығының, Қазақстан машина жасаушылар одағының, "KasService", "Argus Media", "Energy Monitor", "Energy Analytics" өкілдері, сондай-ақ бизнес-қауымдастықтар, тәуелсіз сарапшылары кірді.
"AMANAT" партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев атап өткендей, комитеттің негізгі міндеті - мұнай-газ саласындағы түйткілді мәселелерді анықтау және оны шешу жолын әзірлеу, заңнамалық базаны жетілдіруге бастамашылық ету және ұсыныстар енгізу, сондай-ақ сала өкілдері мен олардың қызметкерлерінің құқығы мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.
Жаңадан құрылған құрылымға компаниялардағы монополияны бақылау, ірі мұнай-газ жобаларындағы жергілікті қамтудың аз үлесі, дизель отынының жыл сайынғы тапшылығы және маусымдық баға өсімін бақылау секкілді міндеттер жүктелді.
"Комитеттің салалық және кәсіби құрамын ескере отырып, біріншіден мұнай-газ саласын дамыту, соның ішінде ірі мұнай-газ жобалары бойынша келісімшарттарды қайта қарау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуге кірісуіміз керек. Екіншіден, отандық жабдық өндірісінің, саладағы жергілікті IT-мамандардың тапшылығын назарға алуға тиіспіз. Сондай-ақ, халықаралық компаниялар елімізде сервистік орталықтар ашпайды. Сертификаттау орталықтары жоқ", – деді Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов.