"Аманат" және "Туған ел" байқауының қорытындысы жарияланды

1215

Байқауға республикалық және өңірлік телеарналардың, мерзімді басылымдардың тілшілері, блогерлер мен телеграмм-арналардың авторлары қатысқан болатын.

 "Аманат" және "Туған ел" байқауының қорытындысы жарияланды

Парламент Сенаты Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күні қарсаңында журналистерге арналған "Аманат" және "Туған ел" байқауларының қорытындысын жариялады, деп хабарлады жоғарғы палатаның баспасөз қызметі.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысушылар мен жеңімпаздарға Палатаның заң шығару қызметін дәріптегені және еліміздің күн тәртібіндегі мәселелерді ақпараттық тұрғыда ілгерілетудегі ерен еңбектері үшін алғыс білдірді.

"Былтыр Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде журналистердің кәсіби мерекесі – бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күні ресми түрде бекітілді. Бұл қадам түрлі оқиғалар мен елімізде қолға алынған реформалар туралы халыққа шынайы және жедел хабар тарататын мамандарға деген құрметтің белгісі. Қазіргі күрделі уақытта журналистер дәрігерлермен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен және еріктілермен бірге коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте жүр. Олар қауіп-қатерге қарамастан азаматтардың дәлелді әрі дәйекті ақпарат алуы үшін аянбай жұмыс істеуде. Отандық журналистердің қызметі әрдайым жоғары бағаға лайық", – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, Сенат Төрағасы "Аманат" және "Туған ел" байқауларына ұсынылған еңбектердің кәсіби деңгейде дайындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, сессия барысындағы заң шығару қызметі, сенаторлардың сауалдары мен көптеген парламенттік шаралар мазмұнды телевизиялық сюжеттерге, жан-жақты сараптамалық мақалаларға, репортерлік зерттеулер жасауға арқау болған.

Байқауға келіп түскен материалдарды сараптау комиссиялары мұқият талдап, өз бағаларын берді. Комиссия құрамына Сенат депутаттары, белгілі жазушылар мен журналистер енгенін айта кеткен жөн. Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерден бөлек, бірнеше арнайы марапаттар да тағайындалды.

"Аманат" байқауының лауреаттары:

Гран-при – Оңғар Тоқанов, "Qazaqstan" телеарнасының тілшісі.

Бірінші орын – Жадыра Жолмұхаметова, "Информбюро" ақпарат агенттігінің тілшісі.

Екінші орын – Лаура Түсіпбекова, "Казахстанская правда" газетінің тілшісі.

Үшінші орын – Татьяна Ковалева, "Zakon.kz" порталының тілшісі.

"Туған ел" байқауының лауреаттары:

Гран-при – Азамат Қасымов, "Egemen Qazaqstan" газетінің тілшісі.

Бірінші орын – "Еуразия" бірінші арнасының "Сенат online" тележобасының ұжымы.

Екінші орын – Мирлан Алтынбек, "Хабар 24" агенттігінің тілшісі.

Үшінші орын – Әмірболат Хусаян, "Azattyq Ruhy" ақпарат агенттігінің тілшісі.

Байқау комиссиясының шешімімен блогерлерге, танымал жарияланымдардың авторлары мен ерекше ақпараттық материалдарға арнайы марапаттар тағайындалды. Олардың қатарында:

– Ғазиз Әбішев – Abishev Analytics телеграм-арнасының авторы;

– Иван Сухоруков пен Роман Павлов – "Tengrinews" интернет-ресурсының журналисі және бейне-инженері;

– Ұлпан Бегалина – "Atameken business" арнасының тілшісі;

– Айхан Шәріпов – "AIQYN" газетінің тілшісі;

– Сырым Итқұлов – "Hola news" шеф-редакторы;

– "Ainews" және "Aitube.kz" интернет жобаларының ұжымдары бар.

Ұйымдастырушылар байқауға белсенді қатысқаны үшін барлық қатысушыларға алғыс білдіреді. Осы ретте COVID-19 індетінің таралу қаупі сейілмеуіне байланысты журналистермен дәстүрлі кездесу және лауреаттарды марапаттау рәсімін 2020 жылдың күзіне ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу