Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов аппарат ұжымына жаңадан тағайындалған аппарат басшысы Батыржан Байжұмановты таныстырды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Актив жиынында Амандық Баталов жаңа басшының алдына бірқатар міндет қойды. Нақтырақ айтсақ, азаматтарды қабылдау және өтініштерді қарау жұмысын, оған қоса орындаушылық тәртіпті де басты назарда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар ақпарат сараптама орталығы мен хаттама қызметін ұйымдастыруда да жаңаша ұсыныс енгізуі қажеттігін айтты.
Батыржан Байжұманов өзіне артылған сенім үшін ризалығын білдіріп, жүктелген жауапкершілікті барынша тыңғылықты атқаратынына сендірді.
Батыржан Құлаймергенұлы Байжұманова – 1976 жылы туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін және Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірген. Мамандығы – ғалым агроном, менеджер. 2008 жылы "Децентрализация" бағдарламасы арқылы Дьюка университетінде (АҚШ) білім алды.
Еңбек жолын 1999 жылы бастап, Алматы қаласындағы бизнес құрылымдарында жұмыс істеді. Премьер-министр кеңсесінің аға маманы, сарапшысы, президент кеңсесінің аға, бас сарапшысы, консультанты, президент әкімшілігінің инспекторы, мемлекеттік инспекторы, "КазАгроИнновация" АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
2015 жылдың қазан айынан "Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
"Ерен еңбегі үшін" медалімен және тағы 3 медальмен марапатталған.
Алматы облысы әкімінің өкімімен Сұлтан Дүйсембінов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы қызметінен босатылды.