Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Кейінгі үш жылда қала әкімі үш рет ауысты. Дастан Шалтабаев 2018 жылы сәуірде тағайындалып, 2019 жылы мамырда босатылды. Оның орынына Ғалымжан Әбдірайымов келіп, 2021 жылы наурызда жұмысынан кетті. Қазір қаланы Ержан Жасыбаев басқарады. Әкімдер неге жиі ауысады? Жаңа басқарушының қала ісіне егжей-тегжейлі араласуына қанша уақыт керек?", – деп сұрады Stan.kz тілшісі Айнұр Мұхади.
Амандық Баталовтың жауабына қарағанда қасына жақсы әкім келмей жүргенге ұқсайды.
"Жақсы әкім келіп, менің қасымда жұмыс істесе, мен оған тек қана қуанамын. Ғалымжан Әбдірайымовты ешкім жұмыстан қуған жоқ. Әне жерім ауырады, мына жерім ауырады, ана жаққа баруым керек деп, сұрана беруін қоймады. Сосын жібердім. Маған ондай әкім керек пе? Жап-жас жігіт, ана жер-мына жері ауыра береді", – деп алақанын жайды облыс әкімі.
Оның айтуынша, қазіргі әкім "ақылды", "іскер".
"Мен оны 2001 жылы-ақ байқағанмын. Ақылды, іскер, тапсырмаға тиянақты. Оны осы жұмысқа өзім қоймай шақырып алдым. Жұмысына ризамын. Командасы да жақсы. Осы жігіт біраз уақыт істейді деп ойлаймын", – деп Амандық Баталов Ержан Жасыбаевты мақтап, қалада әкім енді тұрақталады дегенге келтірді.
Тасқын Болатұлы