Алматы облысында биыл шағын және орта бизнестің 100 нысаны ашылады, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстағы шағын және орта бизнесте 110 мың субъекті, оларда жұмыс істейтіндердің саны 11% өсіп, 248 мың адамға жетті. Осы салада өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 1 трлн теңгенің айналасында, олардан 75 млрд теңге салық түсіп, оның жергілікті бюджеттегі үлесі 37-ден 43%-ке өсті. Оған қоса ШОБ-тің биылғы жылы 12 мың жұмыс орнымен 100 жаңа нысаны ашылатын болады. Бұл цифрлық көрсеткіштер облыс әкімі Амандық Баталовтың есеп беру жиынында айтылды.
"Біз биылғы жылы кәсіпкерлік саласында қуаты әртүрлі 100 нысан ашуды көздеп отырмыз. Сөйтіп ШОБ-тан түсетін салық көлемін 45%-ға дейін жеткізбекпіз. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнесте 12 мың азамат жұмыспен қамтылатын болады. Бұл өз кезегінде өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың едәуір бөлігін жұмысқа орналастыруға және олардың жұмыспен қамтылғандар арасындағы үлесін 30-дан 25%-ке төмендетуге жағдай жасайды, - деді әкім.