Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Татарстан Республикасының Менделеев муниципалды ауданының делегациясымен кездесті. Жиында мәдениет, ауыл шаруашылығы, сауда және өнеркәсіп салаларындағы байланыс туралы кеңінен сөз болды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Шара барысында Менделеев муниципалды ауданының басшысы Валерий Чершинцев аудан тарихы мен Менделеев қаласының өркендеуі, әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері, маңызды әлеуметтік және өнеркәсіп нысандары туралы баяндады. В. Чершинцев Панфилов ауданында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларды – "Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА мен Құрғақ порттың зор мүмкіндігін өз көзімен көргенін айтты.
Амандық Баталов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына тоқталып, өзара тәжірибе алмасу әрқашан тиімді нәтиже беретінін де айтты.
Осы кездесуге дейін делегация Талдықорған қаласының көрнекті орындарын аралап, қалалық көп салалы ауруханада, Достық үйінде болды, ал бір күн бұрын Панфилов ауданына барып, Панфилов ауданы мен Менделеев муниципалды ауданының арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын.