banner

Амандық Баталовқа Қостанай облысының атынан Peugeot 301 автокөлігі табыс етілді

1176

Бүгін Алматы және Қостанай облыстары өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

 Амандық Баталовқа Қостанай облысының атынан Peugeot 301 автокөлігі табыс етілді

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қостанай қаласындағы "СарыарқаАвтоПром" машина зауытының жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Аллюр" Компаниялары" тобының құрамына енетін Қостанайдағы "СарыарқаАвтоПром" ЖШС базасында заманауи көліктерді құрастыру қолға алынды. Осыдан екі жыл бұрын қытайлық ChinaMachinerycompany компаниясының қатысуымен JAC автокөлігі құрастырыла бастаған-ды. Еске салсақ, былтыр күзде жұмыс сапарымен Қостанайға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "СарыарқаАвтоПром" зауытында болып, көлік құрастырудың жаңа әдісімен танысқан болатын. 

Қазірдің өзінде "СарыарқаАвтоПром" ЖШС 11 мыңға жуық автокөлік құрастырған. "Сарыарқа АвтоПром" ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевтің айтуынша, келесі жылы облыста 25 мың көлік шығарылады.

Қостанайлық машина құрастырушылар қатты тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды жинап, тасымалдайтын көлік шығаруды қолға алды.

"Біз қоқыс таситын көліктерге тапсырыс алған соң өндіріске 3 ай жұмсаймыз. Мысалы, Астана қаласы жақында сынама үшін біздегі қоқыс таситын көліктерді алды. Бұл техникалар "еуро 5" экологиялық талаптарына сай келеді. Экспортқа Ресей мен Тәжікстанға көбірек шығады", - дейді Андрей Лаврентьев.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласының әкіміне қоқыс таситын көліктерді сатып алуға тапсырма берді. Сондай-ақ, алматылықтар Қостанайдан шығарылатын қоғамдық көліктерге қызығушылық танытып отыр.

Машина зауытындағы кездесу барысында Амандық Баталовқа Қостанай облысының атынан "Peugeot 301" автокөлігі табыс етілді. Өз кезегінде Амандық Баталов көліктің облыстық балалар үйіне берілетінін айтты.

Архимед Мұхамбетов алматылық меймандарға "Тобыл" футбол клубының жаңадан салынып жатқан стадионын көрсетті. "Тобыл-Арена" алаңының үстін мембрана шатыры жабады. Оның төменгі бөлігінде жылу оқшаулағышы бар.

"Біз алаң құрылысына Словенияның өнімдерін пайдаландық. Олардың сапасына, салмағына мән бердік. Жабық алаңның биіктігі - 27 метр. УЕФА-ның барлық стандартына жауап береді. Бұл алаңда облыс деңгейіндегі концерттік бағдарламаларды өткіземіз", - деді Архимед Мұхамбетов.

Бүгін Алматы және Қостанай облыстары өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Нәтижесінде, Алматы облысы Қостанайдан "Беларус" маркалы 50 шақты трактор, "СарыарқаАвтоПром" зауытынан 35 автобус сатып алмақ. Аталған техникалар лизинг арқылы іске асуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу