Амангелді Беков: 2020 жылға қарай 7 мың шақырым жол ақылы болады

983

Амангелді Беков: 2020 жылға қарай 7 мың шақырым жол ақылы болады

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында еліміздің бірқатар министрліктері мен водомстволарының өкілдері 2015-2016 жылдардағы "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР ұлттық экономика министрлігі салалық экономика департаментінің директоры Ержан Қазанбаев жол құрылысы және жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру барысы жөнінде айтып берді. Министрдің мәлімдеуінше, негізгі автокөлік жобаларын жүзеге асыру үшін "Шұғыла" қағидаты бойынша 2 жыл ішінде 616 млрд теңге бөлінді. Аталған қаражаттың есебінен республика бойынша 2 мың шақырым жол құрылысы және жөндеу жұмыстарымен қамтылған, оның ішінде 1,3 мың шақырымнан астам автокөлік жолы іске қосылған.

"Аталған бағытқа биыл бюджеттен 356 млрд теңге қарастырылып отыр. 4,4 мың шақырым автокөлік жолына құрылыс, жөндеу жұмыстарын жүргізу және 600 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр", -деді Қазанбаев.

Сондай-ақ, ҚР ұлттық экономика министрлігі департаментінің басшысы Үшарал-Достық автожолына жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстары жөніндегі журналистер қойған сауалдарға жауап берді. "Үшарал-Достық автожолының күрделі жөндеу жұмыстарына биылғы бюджетте қаржы қарастырылған. Мердігері де анықталды. Енді тамыз-қыркүйек айында жөндеу жұмыстары басталады", - деді Е.Қазанбаев.

Өз кезегінде, ҚР инвестициялар және даму министрлігі автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков қазақстандық жолдарға ақылы төлем жүйесін енгізу барысы жөнінде баяндады. "Нұрлы жол" бағдарламасында 7 мың шақырым жолға төлем жүйесін енгізу қарастырылған. Әзірге мұндай жүйе 220 шақырымға созылатын Астана-Щучье жолында ғана бар. 2013 жылдан бүгінге дейін бұл жолдан шамамен 4 млрд теңге жиналған және бұл қаражат толығымен аталған жолдың күтіміне жұмсалады",- деді ол.

Бековтың айтуынша, биыл 450 шақырымға созылатын Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас аумақтарына төлем жинау жүйесін орнату жұмыстары басталады.

"Жыл соңына қарай аталған жүйелер автономды режимде жұмыс істейді және келесі жылдан бастап, бұл жолдар ақылы болады. Сондай-ақ, биыл 5 мың шақырым жолдың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлейміз, төлем жинау жүйелерін орнату жұмыстары 2018-2019 жылдары атқарылады. Жалпы алғанда, 2020 жылға қарай, 7 мың шақырым жол ақылы түрге ауысады және жыл сайын шамамен 30 млрд теңге жиналуы мүмкін", - деді Беков.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу