"Амангелді ГӨЗ" ЖШС-да соңғы екі жылда 100 шақты жұмысшы қысқарған

1229

Себебі, соңғы кездері шикізаттың тапшылығынан өндіріс қуаттылығы әлсіреп кетіпті.  

"Амангелді ГӨЗ" ЖШС-да соңғы екі жылда 100 шақты жұмысшы қысқарған

Амангелді газ өңдеу зауытының бас директоры Нариман Ипмағанбетовтың сөзінше, кәсіпорында қазір 359 адам жұмыс істейді. Ал Мойынқұм ауданы төңірегіндегі кен орнында вахталық тәсілмен 37 адам еңбек етуде.

Зауыт жұмысының негізгі мақсаты – мұнай өнімдерін шығару, шикізатты өңдеу. Кәсіпорында АИ-80 маркалы бензин, дизель отыны, керосин, мазут және жеңіл дестилятор шығарылады. Зауыт жылына 300 мың тоннаға дейін өнім өндіру әлеуетіне ие. Мұнда алғаш шикізат Қызылорда облысындағы "Құмкөл" және "Ақкөл" кен орындарынан жеткізілген. Ал бүгінде шикізат тапшылығы айқын аңғарылуда.

Нариман Ипмағанбетов бұл проблеманы шешу үшін Энергетика министрлігіне де қайырылыпты. Энергетика вице-министрі Әсет Магауовтың қабылдауында болған. Сонымен қатар, көрші мемлекетке де шикізат сұрап хат жазған. Алайда ешқандай қолдау таппаған. Кейін карантин басталып, жағдай тіпті күрделенген сыңайлы.

"Біз Үкіметтен шикізатпен қамту бойынша қолдау күтеміз. Тегін сұрап отырғанымыз жоқ, нарықтық бағамен сатып аламыз. Себебі зауытты реконструкциялап, жаңғыртуымыз керек, өндіріс көлемін өсірмесек болмайды, штат санын арттыру жоспарымызда бар. Бірақ дәл қазір күрделі жағдайда тұрмыз", - дейді кәсіпорын басшысы.

Бүгінде 4 серіктес компания кәсіпорынға мұнай шикізатын жеткізіп тұрады, дегенмен көлемі өте аз. Яғни, айына 3-4 мың тоннаны ғана місе тұтуға мәжбүр. Ал ұзақ мерзімді тұрақты келісім-шарттар жоқтың қасы. Кәсіпорын басшылығы шикізатты тіпті экспорттық бағамен сатып алуға дайын екендерін айтып отыр.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу