Мәжілістің жалпы отырысында экс-айтыскер ақын Премьер-министр Олжас Бектеновке елдің инвестициялық имиджін жақсарту бағытындағы реформаларды ұсынды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Экономиканы дамытудың тиімді көздерінің бірі – инвестиция. Қымбатшылық алқымнан алып, жұмыссыздық белең алған қазіргідей шақта бұл – тіпті де өзекті. Алайда елімізде бұл бағыттағы істер көңіл көншітпей отыр.
Мұны таяудағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының өзі баса атап өтті.
– Яғни, 2024 жылдың 9 айында елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 12,7 млрд АҚШ долларын құрап, 2023 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 36%-ға төмендеп кеткен. Әсіресе, ол Ақтөбе, Алматы, Павлодар облыстары мен Алматы қаласында айқын байқалады, – деді ол.
Депутаттың сөзінше, бұл үрдіс – ел экономикасы үшін алаңдатарлық көрсеткіш. Себебі, жеке капитал ағынының төмендеуін мемлекеттік бюджет қаражатымен алмастыру қажеттігі туындап отыр. Соынмен қатар, бюджет тапшылығын қосымша құн салығын көтеру арқылы толтыру ұсынылғаны белгілі.
"Инвестициялық ахуал жақсарар емес" деген Аманжол Әлтаев елдің экономикасына қатысты статистикалық мәліметтерден мысал келтірді.
– Қазақстанның инвестициялық саясатына қатысты қабылданып жатқан шараларға қарамастан, халықаралық рейтингтер мен сараптамалық баяндамалар елдің инвестициялық тартымдылығына әсер ететін бірқатар жүйелі мәселені көрсетіп отыр. Мәселен, Transparency International ұйымының Жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 102-орында екен.
Ал Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде еліміз 50-орыннан төменгі деңгейде қалып отыр. OECD (Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы) және ЕҚДБ (Еуропалық қайта құру және даму банкі) зерттеулері құқықтық реттеудің болжамдылығының төмендігін, бизнеске әкімшілік қысымның сақталуын және бейресми кедергілердің бар екенін атап өтуде, – деп алаңдаушылық білдірді ол.
Мәжіліс депутаты Қазақстанның инвестициялық имиджін жақсарту нақты институционалдық реформаларға негізделуі тиіс екенін жеткізді. Әрі бұл бағыттағы шешуші қадамдарға да тоқталып өтті. Олар:
- Ұлттық банк пен Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйене отырып, инвестиция тартудың нақты индикаторларын, басымдықтарымен қолдау тетіктерін қамтитын Жол картасын әзірлеу;
- Заңнамамен негіздей отырып, әкімшілік кедергілерді қысқарту және инвесторлармен жұмыстың ашықтығын арттыру;
- Бизнеске қатысты сот және реттеу тәжірибесінің ашықтығын арттыру, тәуелсіз инвестициялық омбудсмен институтын құру мәселесін қарастыру;
- Реформалар мен нақты заңнамалық өзгерістерге негіздей отырып, Қазақстанды инвестициялық хаб ретінде дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегия әзірлеу және Қазақстанның инвестициялық имиджін нығайту шараларын үйлестіру.