Онлайн әлемінің алпауыты Amazon.com Inc. әр түрлі бөлімшелерден 9 мың адамды жұмыстан шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі MarketWatch-ке сілтеме жасап.
Шетелдік басылым өз кезегінде компания басшысы Энди Джессидің қызметкерлерге берген хабарламасына сілтеме жасаған.
Қысқарту алдағы аптада жүзеге аспақ. Ол Amazon Web Services бөлімшесінің қызметкерлеріне, технологиялық шешімдерді әзірлеушілерге және жарнама бөлімінің қызметкерлеріне, сондай-ақ Twitch стримингтік қызметіне әсер етеді.
"Бұл қиын шешім болды, бірақ ол ұзақ мерзімді перспективада компанияға пайда әкеледі", - деп жазды Джесси.
Айта кетейік, Amazon басшылығы қаңтар айының басында 18 мыңнан астам жұмыс орнын қысқартқанын хабарлады.
20 наурыздағы сауда-саттық кезінде аталған компания акциялары 1,5%-ға арзандады. Алайда жыл басынан бері оның капиталдандыруы 16% - ға, 1,01 трлн долларға дейін өсті.