Амазония өртінің сөндірілуіне Макрон мен Болсонару дауы кедергі келтіруде

1113

Бразилия үкіметі Амазониядағы өртке қарсы күресте G7 елдерінің көмегін қабылдаудан бас тартты.

Амазония өртінің сөндірілуіне Макрон мен Болсонару дауы кедергі келтіруде

"Үлкен жетілік" саммитінде Франция президенті Эмануэль Макрон бейресми клубқа мүше мемлекеттердің 22 млн доллар бөлуге дайын екенін айтқан болатын. Бұдан кейін Бразилия президенті Жаир Болсонару Макрон одан орман өртіне қатысты ескерту жасағаны үшін кешірім сұраған жағдайда ғана әлем елдерінің жәрдемін қабылдайтынын мәлім етті.

Бұған дейін Эмануэль Макрон бразилиялық билік Амазониядағы өртті сөндірмей жатыр деп сынға алған болатын. Ресми Бразилианың ойынша, Франция әлі күнге дейін отаршылдық әдетінен арыла алмай, тәуелсіз елдің егемендігіне нұқсан келтіріп отыр.

Дегенмен әлем қауымдастығының сынынан кейін Болсонару Амазонияға 44 мың әскериді жіберді. Бұған дейін ол тілсіз жаумен күрес жүргізуге қаражат жетіспейтінін айтқан болатын. 

27 тамызда Бразилия президентінің әкімшілігі Болсонарудың жақын күндері өрт жайлаған аймаққа баратынын және елдің көмекке зәру еместігін жариялады.

Жер бетіндегі ең ірі орманды өрт жалмап жатқанына үш аптадан асты. Одан шыққан түтін елдің шекарасына дейін жеткен. Бразилияның ғарыштық зерттеулер институтының дерегі бойынша, 2019 жылы орман өрті 85 пайызға өскен. Осы жылдың алғашқы сегіз айында орман өртінің 75 мың ошағы тіркелген.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу