Вашингтондағы дүниежүзілік банктің штаб-пәтерінде дәм фестивалі өтті, деп хабарлайды 24.kz.
Халықаралық қаржы орталығының 3 мың қызметкері 60-тан астам елдің тағамымен танысып, асынан дәм татты. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка хумус тағамын дайындаудың құпиясымен бөліссе, Оңтүстік Азия өздерінің голгаппу мен чапатиін ұсынды. Фестивальде қазақ дастарханы да жайылды.
Ұйымда жұмыс істейтін 189 елдің өкілдері бауырсақ, шелпек, айран, қымыз сынды тіл үйірер тағамымыз бен сусындарымыздан дәм татып, еліміздің ас мәдениетімен танысты. Қызықты фестивальді ұйымдастыруға атсалысқандардың бірі – жерлесіміз Гүлнар Фербес. Дүниежүзілік банкте 24 жыл жұмыс істеген қандасымыз Еуразия қызметкерлері қауымдастығының жетекшісі. Қазақстан мәдениетін насихаттап жүрген жерлесіміз фестивальде қонақтарға қымызды таныстырып, Ұлы дала көшпенділерінің тарихы мен мәдениетін баяндап берді.