ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің АҚШ-қа жұмыс сапары аясында американдық агробизнес өкілдерімен Қазақстанда суару жүйелері өндірісін ашу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Омаха қаласында премьер-министр Небраска штатының губернаторы Д.П. Рикеттспен және суару жүйелері нарығындағы көшбасшы "Valmont Industries" компаниясының президенті С. Каниевскимен кездесті.
Тараптар механикаландырылған суару, телекоммуникациялар, жаңартылатын энергетика, инфрақұрылымдық құрылыс, сондай-ақ аграрлық ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Келіссөз қорытындысы бойынша А. Маминнің және П. Рикеттстің қатысуымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, "Kusto Group" қазақстандық компаниясы және "Valmont Industries" арасында Қазақстанда тиімді суару және ауыл шаруашылығындағы өнімділікті жақсарту қағидаттары туралы келісімге қол қойылды.
"Құжат Қазақстанда 2022 жылы қуаттылығы жылына 1 мың машина форнтальді және айналма суаруды құрайтын "Valley" ирригациялық құрылғы өндіру зауытын салуды қарастырады. Америкалық ирригация технологиялары өсімдік шаруашылығының өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығындағы су шығынын 50%-ға азайтуға мүмкіндік береді",– делінген хабарламада.
Бұдан әрі Қазақстандағы кәсіпорын өндірісін телекоммуникацияларға, жаңартылатын энергия мен инфрақұрылымдық құрылысқа арналған жабдықтар шығаруға дейін кеңейту жоспарланған.
Премьер-министр Қазақстанның 2022 жылға қарай суармалы жерлер көлемін 1,4 млн га-дан 2 млн га-ға дейін, ал 2030 жылға қарай – 3 млн га-ға дейін арттыруды көздеп отырғанын атап өтті.