Америкалық миллиардер Чарли Мангер криптовалютаны нысапсыздық нышаны деп атап, оны венерологиялық ауруға теңеді, деп хабарлайды inbusiness.kz Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
"Криптовалюталарға дереу тыйым салынса екен деймін, Қытайдың бұл валютаға шектеу енгізуін қолдаймын. Әрине, мен криптовалютаға инвестиция құйған жоқпын. Мен үшін ол жыныстық жолмен жұғатын ауру секілді. Жек көремін", – деді Мангер.
Ол бұған дейін виртуалды валютаны "егеуқұйрықтарға қарсы у" деп те атаған еді. Сонымен қатар Мангер жас компанияларға венчурлық капитал құюды қолдамайтынын білдірді.
Бұған дейін Microsoft компаниясының негізін қалаған кәсіпкер Билл Гейтс инвесторларды биткоин сатып алмауға шақырған болатын. "Егер қолдағы қаражатыңыз Илон Масктыкінен аз болса, абай болғаныңыз жөн. Илонның ақшасы көп, сондықтан мен оған аса қатты алаңдамаймын", – деді Гейтс.
Табиғат Нұрболат