Америкалық мұнай компаниясы Қазақстанға төрелік шығындар үшін өтемақы төлейді

1487

Компания 460,1 млн АҚШ долларын өндіріп алмақ болған.

Америкалық мұнай компаниясы Қазақстанға төрелік шығындар үшін өтемақы төлейді

"Big Sky Energy Corporation" ("Big Sky") мұнай компаниясына аппеляциялық шағым түсіруге берілген мерзім аяқталып, Қазақстан Республикасының пайдасына шығарылған төрелік шешім күшіне енді, деп хабарлайды inbusiness.kz Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске сала кетсек, 24 қараша 2021 жыл Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың трибуналы Big Sky мұнай компаниясының Қазақстан Республикасына қарсы талап-арыздарын негізсіз деп тапқан еді. Осылайша, компания төрелік шығындар үшін Қазақстанға шамамен 575 мың АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.

Қарсы тараптың апелляцияға бере алу мерзімі 24 жылдың 2022 наурызында аяқталған. Ал компания осы уақытқа дейін сот шешімнің күшін жою туралы өтініш білдірмеген.

"Төрелік процесс барысында Big Sky компаниясы мемлекетпен байланысы жоқ үшінші тұлғалармен жеке келісімшарттарды орындауға байланысты 460,1 млн АҚШ доллары сомасында елеулі залалды Қазақстан Республикасынан өндіріп алуға тырысты. Бұл ретте Big Sky Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасында жасалған инвестициялық келісімнің ("Келісім") ережелерін бұзу орын алған болжамдарға негізделе отырып, мемлекеттен залалды өндіріп алуға тырысты. Қазақстан Республикасы трибуналға Келісімнің ережелерін бұзбағанын және барлық талап қою талаптары бойынша бас тартылуға тиіс екенін анық көрсетті", – дейді министрліктен.

Осы істе Қазақстан Республикасының мүдделерін ҚР Әділет министрлігі "Reed Smith LLP" заң фирмасымен бірлесіп қорғады.

Бұл шешімге түсініктеме бере отырып, Әділет министрі Қанат Мусин:

"Төрелік трибуналдың шешімі Қазақстан Республикасының негізделген ұстанымын толық растайды. Қазақстан Республикасының осы және басқа да табыстары төрелік талқылауларда мемлекеттің мүдделерін қорғау жөніндегі тиімді стратегияны қамтамасыз ету бойынша ұзақ жылдар бойы жинақталған ауқымды тәжірибені куәландырады. Big Sky әлі күнге дейін Қазақстан Республикасына оған берілген, мемлекеттік бюджетке аударылуы тиіс шығыстарды төлемеген. Қазақстан Республикасы шығыстардың өтемін беру жөніндегі шешімді орындау жөнінде тиісті қадамдар жасайды. Әділет министрлігі тиісті құқықтық тетіктерді пайдалана отырып, шетелдік төреліктерде мемлекеттің мүдделерін білдіру жөніндегі жұмысты жалғастырады", – деді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу