Әміре Қашаубаевтың Парижде алған медалі Ұлттық музейдің қорын толықтырды

1972

Әміре Қашаубаевтың Парижде алған медалі Ұлттық музейдің қорын толықтырды

Қазақстанның бас музейі үш жылдың ішінде өңірлерден келіп түскен 3 мыңға тарта құнды жәдігермен толықты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ұлттық музейде 2015 жылдың науырызынан іске асырыла бастаған "Ұлттық музейге сый тарту" арнайы жобасының қорытындысы шығарылды.

"Қорытынды көрменің аясында музей қорына атақты да талантты әртіс Әміре Қашаубаевқа 1925 жылы Халықаралық ән байқауында алған күміс медалін табыстау рәсімі өтті", - деп мәлімдеді Ұлттық музейдің баспасөз қызметінде.

Сондай-ақ, "Әміре" атты фильмді түсіру үшін жасалған екі домбыра музейге табысталды.  

Әміре Қашаубаев – шетелде өнер көрсеткен тұңғыш қазақ әншісі. 1925 жылы ол Парижде өткен ән байқауында күміс медальді еншілеген болатын.

"Үш жылдық тәжірибе көрсеткендей акция өз мақсатына жетіп, музей қорын құнды жәдігерлермен толықтыру тарапынан бағытымыз айқындала түсті. Ел арасында елеусіз жатқан  үш мыңға жуық тарихи мұраларымызды, ұлы тұлғаларымыздың құнды жәдігерлерін жинақтадық. Біз әр жәдігерді кәсіби деңгейде сақтауға кепілдік береміз, ол үшін Ұлттық музейде толық жағдай бар", - деді ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин.

Науқан Астана, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Петропавл, Тараз және Талдықорған қалаларында өткізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу