АМӨЗ бензин экспорттауға квота алды: Алайда жоспар аяқсыз қалуы мүмкін

124

Зауыттан сыртқа шығарылатын бензиннің жалпы көлемі 43,8 мың тоннаға жетті.    

АМӨЗ бензин экспорттауға квота алды: Алайда жоспар аяқсыз қалуы мүмкін Фото: kmg.kz

Дегенмен, отын сыртқы нарыққа шығарылмауы ықтимал, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Атырау мұнай өңдеу зауыты тамызда АИ-92 маркалы бензиннің 13,2 мың тоннасын экспорттауға квота алды. Квотаның 7,1 мың тоннасы "ҚазМұнайГазға", ал 6,1 мың тоннасы KC Energy Group компаниясына бөлінген. Бұған дейін "Конденсат" мұнай өңдеу зауытына да квота берілген. Оның көлемі АИ-92 бензині бойынша 27,6 мың тонна, АИ-95 бойынша 2,9 мың тонна болды.

Алайда Атырау мұнай өңдеу зауытынан бензинді экспорттау жоспары әзірге белгісіз.

Сонымен қатар, қыркүйек-қазан айларында Павлодар мұнай-химия зауытында жөндеу жұмыстары жүргізілетіндіктен, ішкі нарық үшін отын қорын алдын ала жинау қажет.

Сарапшылар келісімшарттардың әлі жасалмауына және қыркүйек-қазан айларында Павлодар мұнай-химия зауытында жоспарланған жөндеу жұмыстары қарсаңында ішкі нарықта отын қорын жинақтау қажеттілігіне байланысты Атырау зауытынан тиеп-жөнелту тамызда жүзеге аспайды деп санайды. Өйткені шілде айында да Павлодар зауыты өзіне бөлінген 17,5 мың тонналық квотаны мүлде экспорттамаса, "Конденсат" МӨЗ-і Ресейге тек 9 мың тоннадай бензин жөнелткен еді.

Мамандар маусымдық жоғары сұраныс кезінде отынды сыртқа шығару ішкі нарықта тапшылық тудыруы мүмкін екенін де ескертеді. 7 тамыздағы жағдай бойынша, елде 265 мың тонна АИ-92, 86 мың тонна АИ-95 және 327 мың тонна дизель отыны қоры бар.

Жалпы, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстан 92,1 мың тонна автомобиль бензинін экспорттаған, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 40%-ға аз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу