"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ және француздық "Air Liquide" компаниясы Атырау мұнай өңдеу зауытына өндірістік техникалық газдарды жеткізу туралы келісті. Жоба "Эр Ликид Мұнай Тех Газы" ЖШС бірлескен кәсіпорны арқылы іске асырылатын болады, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Ұзақмерзімді келісімшарт аясында жыл сайын 200 млн текше метр сутегі мен 50 млн текше метр азот өндіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, аталған келісім цифрлық технологиялардың трансфертін, қуатты тұтынуды оңтайландыру, жабдықтың техникалық беріктігі мен өндіріс тиімділігін арттыруды да көздейді. Бұл үшін сутегі азот өндіру қондырғылары Бельгия елінің Брюссель қаласындағы Зияткерлік және инновациялық орталыққа қосылатын болады. "Air Liquide" инвестициясының жалпы көлемі 86 млн еуроны құрайды, оның 65 млн АМӨЗ жобасына жұмсалады.
Нақтылай кетсек, "Air Liquide" өнеркәсіп, денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау салаларына арналған газ өндіру бойынша әлемдегі жетекші кәсіпорын саналады. "Air Liquide" технологиялық инновациялары өнеркәсіп компанияларының энергетикалық шығындарын қысқарту мен ластайтын заттарды шығару көлемін азайту мақсатында табиғи ресурстарды орынды пайдалану және сутек, биоотын немесе күн жарығы сияқты болашақ қуат көздерін дамыту үшін пайдаланылады.
Құралай Қуатова