Премьер-Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы бұл мәселені денсаулық сақтау жүйесінің басты басымдығы ретінде айқындаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, қабылданған шаралар нәтижесінде соңғы жылдары ана мен бала өлімі 6 еседен астам төмендеген.
– Бұл жетістік – медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің жемісі. Ауылдық жерлерге білікті мамандарды тарту мен оларды тұрақтандыру аналар мен балалардың сапалы медициналық көмек алуына жол ашты, – деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов акушер-гинекологтар, неонатологтар, педиатрлар мен реаниматологтарды үздіксіз оқыту қажеттігін атап өтті. Жетекші отандық және шетелдік клиникаларда олардың біліктілігін арттыру жалғасады. Сонымен қатар өңірлік және елордалық клиникалар базасында оқу орталықтарын дамыту тапсырылды.
Премьер-Министр перинаталдық орталықтарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, қауіпсіз босану жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс екенін ескертті.
– 1 қарашаға дейін барлық қажетті құжаттаманы дайындап, Шымкент пен Қарағандыда жаңа перинаталдық орталықтардың құрылысын бастау керек. Сондай-ақ "Аналар саулығы" бағдарламасын ел көлемінде сапалы әрі толыққанды іске асыру маңызды, – деді Олжас Бектенов.