Ана өлімі көрсеткіші өңірде өзекті мәселе болып тұр

339

Денсаулық сақтау министрі жамбыл облысында аналар өліміне байланысты шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.  

Ана өлімі көрсеткіші өңірде өзекті мәселе болып тұр Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Жамбыл облысының медицина қауымдастығымен өткен кеңесте Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесіндегі бірқатар кемшіліктерді атап өтіп, акушерлік-гинекологиялық көмектің сапасын арттыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министрдің айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстарға және бақылау шараларына қарамастан, өңірде ана өлімі жағдайларының тіркелуі жалғасып отыр. Бұл жағдай денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейіндегі қызметтің тиімділігіне кешенді баға беруді қажет етеді.

"Биылғы жылдың төрт айында облыста ана өлімінің үш жағдайы тіркелді. Босандыру қызметін көрсететін барлық ұйымдар тексерулермен қамтылғанына қарамастан, халықтан медициналық көмектің сапасына қатысты келіп түсетін өтініштер мен шағымдар саны әлі де жоғары деңгейде қалып отыр", – деді А. Әлназарова.

"Ана өлімінің әрбір жағдайы жан-жақты талдауды және жүйелі шешімдер қабылдауды талап етеді. Жүкті әйелдерді бағыттау, кадрлық қамтамасыз ету және бақылау мәселелеріне формальды түрде қарамай, пациенттерді барлық кезеңдерде толыққанды сүйемелдеу жүйесін қалыптастыру қажет", – деп атап өтті министр.

Ведомство басшысы медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуді, жүктілік асқынуларын ерте анықтау жұмыстарын жолға қоюды және патронаждық бақылаудың сапасын арттыруды міндеттеді. Сондай-ақ ол медициналық ұйымдар басшыларының атқарылған жұмыс нәтижелері үшін жеке жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу