Алматыда босанғаннан кейін қайтыс болған әйелге емдеу шараларын жүргізген 4 медициналық қызметкер жұмыстан шеттетілді. Бұл туралы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы өкілдері хабарлады, деп жазады "Хабар 24".
Мекеме баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 шілде күні 1990 жылы туған келіншек жүктіліктің 36-аптасында ауырып, қалалық перзентханаға түседі. Науқас тез арада жансақтау бөліміне жатқызылып, толық клиникалық-зертханалық тексерулер жүргізілген. Алайда, өкінішке қарай, әйелді аман алып қалу мүмкін болмаған. Кесер тілігі арқылы босанған әйел көп уақыт өтпей өзін жайсыз сезініп, операция кезінде қайтыс болған. Қазіргі уақытта оның өліміне байланысты кешенді комиссия құрылып, қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтауда. Ал марқұмның артында жаңа туған сәбиі мен тағы кішкентай екі баласы қалды.
"Денсаулық сақтау министрлігі, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті өкілдерінен тұратын комиссия кешенді тексеру жұмыстарын жүргізуде. Қайтыс болған әйелге емдеу шараларын жүргізген медицина қызметкерлері жұмыстарынан шеттетілді. Тексеру нәтижелері құқықтық баға берілу үшін қалалық полиция департаментіне жолданады", – дейді қалалық көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Бисенбаева.