"Аналары балаларына жақындауға қорқып қалды": Шоу-бизнес өкілдері Елдос Сметовке қолдау білдірді

3298

Елімізге белгілі азаматтар спортшының іс-әрекетін қолдап, тілектестік білдіріп жатыр. 

"Аналары балаларына жақындауға қорқып қалды": Шоу-бизнес өкілдері Елдос Сметовке қолдау білдірді Фото: бейнежазбадан

Париж Олимпиадасының чемпионы, дзюдошы Елдос Сметов анасымен қол ұстасып жүрген видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді. Отандық шоу-бизнес өкілдері балуанға қолдау білдіріп, жігерлендіріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Айта кетейік, Елдос Сметовтің өзінің құрметіне ұйымдастырылған кеште анасымен қол ұстасып шыққан еді. Олимпиада чемпионының жанынан қалмаған анасын коуч-психолог Роза Әшірбаева сынға алды. Ол Сметовтің әйелімен емес анасымен қол ұстасып шыққанына шүйлікті. 

Елімізге белгілі танымал азаматтар спортшының іс-әрекетін қолдап, тілектестік білдіріп жатыр.

“Аналары балаларына жақындауға қорқып қалды-ау. Біз түбінде хайп пен хейттен өлеміз", – деп жазды Гүлнұр Мамасарипова.

Одан кейін экс-сенатор, журналист Дана Нұржігіт те спортшыны жігерлендірді.

"Бұқара алдында жүрген адамның бағы да, соры осы, бауырым. Бәрі – сын", – деді Дана Нұржігіт Елдос Сметовтің әр әрекетін сынаған халықтың жазбасын бөлісіп. 

Сонымен қатар әнші Жазира Байырбекова да “мамасының баласы” деп атайтындар туралы өз ойын бөлісті. 

“Әйелін құрметтейтін жігіттерді "подкаблучник" дейтін еді. Енді анасын құрметтейтіндерді "мамасының баласы" деп мазақ ететін болыпты. Әрине, әртүрлі аналар, әртүрлі келіншектер болатыны рас. Бірақ бұл қылықтарыңыз әр отбасындағы жігіттерді әйеліне немесе анасына қарсы қоюға әкелмей ме?! Ешкімді ешкімге қитұрқы сөзбен айдап салмай, жәй ғана түсінісіп өмір сүруге неге тырыспайды біздің қоғам...”, – деп ренжіді өнер иесі. 

Журналист Ләйлә Сұлтанқызының айтуынша, жас қыздардың өзі “Мамасының баласы” деп күлетінді шығарған.

“TikTok-та, тіпті мұнда да шашы май-май, мыж-мыж, үтіктелмеген киіммен отырып алып, тұрмысқа шықпаған қыздардың “Мамасының баласы” туралы пікірлерін көріп: “Айналайын сіңлім, мен де “Папасының қызымын”. Ұлдарым “Мамасының баласы” сен ойлағандай осал емес! Керісінше қазір оқы, білім ал, қылықты бол, тазалықты сүй, өзіңді күт, жақсы жігітке тұрмысқа шық, шын сүйсең “мамасының баласы” сені бақытты қылады және дүниеге ұл әкелгенде ұлым мені шексіз сүйіп, құрметтесе екен деп тілейтін боласың" дегім келеді. Лайым сол күнге құдай жеткізсін!”, – деп кеңес берді журналист. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу