Әлеуметтік желіде "Человек в маске" лақап атымен танымал азамат параармрестлингтен әлемнің төрт дүркін чемпионы атанған Никита Ермаковтың арманын орындады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Никита Ермаковтың жасы 33-те. Қазіргі таңда 1-топтағы мүгедектігі бар.
"Жалдамалы пәтерде анаммен бірге тұрамын. Анамның көзі нашар көреді. Оң көзі мүлде көрмейді. Сол көзі 30% ғана көреді. Параармрестлингтен әлемнің төрт дүркін чемпионымын. Өмірімді толықтай спортқа арнадым. Туымызды әлемдік аренада желбіреткеніме мақтанамын. Қазір реабилитолог болып жұмыс істеймін. Анама көмектескім келеді. Болашақта сауықтыру орталығын ашып, өзім сияқты адамдарға көмек беруді армандаймын. Бұл менің өмірімнің мәні. Басыма қандай қиындық түссе де, жылағанымды көрсетпеуге тырысамын", – дейді ол.
Артынша маскадағы жігіт Никитаның анасының еміне, реабилитациялық орталық ашуына қаржылай көмек көрсетіп, жаңа баспананың кілтін сыйлады.
Осыған дейін қиналған сәтіндегі көз жасын көрсетпеуге тырысқан Никита шарасыз қуаныштың көз жасына ерік берді.