"Сені зорлаған жоқ қой, өз еркіңмен болдың ғой": Әнарудың қорғаушысы тергеушіге қатысты жаңа мәліметтерді жария етті

17618

Әнарудың қорғаушысы қысым жасалғанын мәлімдеді.

"Сені зорлаған жоқ қой, өз еркіңмен болдың ғой": Әнарудың қорғаушысы тергеушіге қатысты жаңа мәліметтерді жария етті Фото: коллаж: inbusiness.kz

Әлеуметтік желіде Әнарудың қорғаушысы жүргізіліп жатқан тергеу амалдарына қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қорғаушы Lyazzat Akhatova жәбірленуші Әнару Құрбанәліге тәуелсіз сараптама жасалғанын, бірақ тергеу тағайындаған сараптаманың әлі дайын болмай жатқанын жазды.

1. Тәуелсіз сараптама жасалды. Қорытынды қолымызда. Ал тергеу тағайындандаған сараптама әлі дайын емес.

2. Тергеушінің іс-әрекетіне Қылмыстық-процестік Кодекстің 105-бабына сәйкес, прокуратураға шағым түсірілді. Іс қазір прокуратурада. Әуезов аудандық полиция бөлімінің тергеушісі

"Д.Сағымбеков 20-тамыз күні екі тарапты беттестіру кезінде өрескел процессуалдық қателіктерге, яғни заңсыздықтарға жол берген.

Атап айтқанда, жәбірленушіге құқықтары, яғни адвокат алу құқығы бары түсіндірілмеген. Тіпті беттестіру тергеу амалы жүргізілетінін де ескертпей, "келіп кетіңіз" деп, шақырып алған. Ал екінші тарап екі адвокатымен келген", - деп жазды ол.

Сонымен қатар Lyazzat Akhatova тергеу барысында Әнаруға психологиялық қысым жасалғанын да мәлім етті.

"Тергеуші тарапынан Әнаруға моральдық қысым жасалған. Сөздері мен әрекеттерінен Тұраровқа болысып, "сені зорлаған жоқ қой, өз еркіңмен болдың ғой" деп, қайта-қайта айтып, сол сөзді қостырған. Дене жарақаттарын сот-медициналық сарапшысы линейкамен өлшеп, тексерген. Ал тергеуші дене жарақаттарым жоқ деп айтқызған. Хаттама соңындағы Әнару жазған қисық жазулардан-ақ қолдары дірілдеп, қысым үстінде жазған адамның почеркі екенін аңғару қиын емес.

Одан өзге, жәбірленушіге 25 сұрақ, ал Тұраровқа 1-ақ сұрақ қойғандығы, арызданушының әр уәжін күдіктіден сұрап, нақтыламағаны, оның жауабын тексермегені де тергеу амалының біржақты өткізілгенінің дәлелі. Бейнетаспа жүргізілмегені де осыны айғақтап тұр", - дейді адвокат.

Түсінгеніміз, қорғаушының сұрауы бойынша 20-тамызда жасалған беттестіру хаттамасын заңсыз деп танып, адвокаттардың қатысуымен қайта ұйымдастыру жөнінде талап қойылған.

"Әнаруды қорғаушы тарапқа тағы бір адвокат қосылды. Ұзақ жылдар тергеу саласында істеген, Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, білікті маман Айлан Ескеров мырзамен бірігіп, жұмыс істеп жатырмыз. Тағы да көмектесеміз деген қорғаушылар аз емес. Әзірге екі қорғаушымен шектеліп отырмыз.

Біздің елде әділдік орнамай, сыбайлас жемқорлықтар орын алса, адам, әйел құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдармен бірлесіп, жұмыс істейміз. Президентке, Парламент депутаттарына Үндеу жасаймыз (жоспарда бар).

Алмалы аудандық полиция бөліміне Әнарудың 2018-жылы Ж.Тұраровтың үстінен зорлау фактісі орын алғаны туралы арызын архивтен көтеру туралы адвокаттық сұрау жолданды.

Жетісу аудандық полициясы қызметкері тарапынан орын алған азаптау фактісі бойынша Ә.Құрманәлінің 2023-жылғы жазған арызы бойынша адвокат сұрау жолданды. Жауаптары әлі келген жоқ", - деп жазды Ләззат Ахатова.

Әнарудың қорғаушысы атқарылған іс-шара жөнінде айта келіп, аталмыш істің қоғамда қыз-әйел тағдырына ерекше көңіл аударуға үлес қосқандығын жеткізеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу