"Өз анасы": Екібастұзда 7 жастағы қызды өлтірген күдікті ұсталды

Павлодарда жоғалған оқушы қыздың мәйіті табылды.  

"Өз анасы": Екібастұзда 7 жастағы қызды өлтірген күдікті ұсталды Фото: polisia.kz

Үш күн бойы облыс жұртшылығы, еріктілер, полиция және төтенше жағдай қызметкерлері іздеген екібастұздық Милана Давыдова кісі қолынан қаза тапқан. Оның анасы қызына қастандық жасағанын мойындады, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін Милананың 17 қараша күні сағат 16.00 шамасында үйден шығып, із-түссіз жоғалғаны хабарланған болатын. Іздеу жұмыстарына 300-ден астам адам мен 40-қа таяу техника жұмылдырылды. Қатты жел, байланыс пен жарықтың болмауы іздеу жұмыстарын қиындата түсті. Соған қарамастан іздеу жасақтары жұмысын тоқтатқан жоқ. Бұған дейін Милананың әкесі Александр Колчин жұбайы үш баланы алып, ауылдан 15 шақырым жерде өзі жұмыс істейтін шаруашылыққа келуі керек болғанын айтқан еді. Бірақ оқушы қыз барғысы келмейтінін білдіріп, үйден шығып кеткен. Содан кейін оны ешкім көрген жоқ. Бұған дейін де ол жайлауға баруға қарсылық танытқан көрінеді.

"Өкінішке қарай, қыздың денесі табылды. Іздеу жұмыстары тоқтатылды. Толық ақпаратты полиция департаменті хабарлайды", - делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінде.

Бірақ полиция департаменті әзірше ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бір анығы, анасы қызына қастандық жасағанын мойындады. Еріктілердің айтуынша, бұл Милана қолайсыз ортада, отбасында тәрбиеленген. Ал анасының психологиялық ауытқуы бар сыңайлы.

Бейресми мәлімет бойынша, Милананың денесі бүгін кешкісін ауыл шетіндегі қоқыс полигонынан табылған. Анасы сол маңаттағы жерді қазып, оны көмгенге ұқсайды. Бұл қылмысты жасауға ер адам көмектескен болуы, ол ер адам көршісі болуы мүмкін.

Милана тірі болғанда бір айдан соң 8 жасқа толар еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу