"Анашым, барлығы үшін кешірші": Түркияда түгелдей жанып кеткен қонақ үйде қаза болған әйелдің соңғы сөзі

4924

Turkish Airlines компаниясының қызметкері Зехра Сена Гюльтекин өрт кезінде күйеуі, үш баласы және 9 туысымен бірге қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты stan.kz басылымына сілтеме жасап.

"Анашым, барлығы үшін кешірші": Түркияда түгелдей жанып кеткен қонақ үйде қаза болған әйелдің соңғы сөзі Фото: oxu.az

Мәліметтерге сенсек, отбасы мектеп демалысында Grand Kartal қонақ үйінде демалып жатқан. Қонақ үй Ыстамбұлдан 270 шақырым шығыста орналасқан. Өрт 21 қаңтар, сейсенбі күні болды.

Зехра Сена Гюльтекин өрт кезінде анасына қоңырау шалып, "Анашым, барлығы үшін кешірші" деп айтқан. Алғашында анасы оның не айтқысы келгенін түсінбеген. Бірақ жаңалықтардан кейін бұл сөздердің мағынасын түсініп, қорқынышты хабарды естіген. Зехра бұл қоңырауды шалған кезде құтылуға еш мүмкіндік жоқ екенін білген.

Измирлік Сүйөлчү отбасы осы қайғылы оқиғаның құрбандарының бірі болды. Мектеп каникулында бұл отбасы Карталкаяға келген, себебі олар қысқы демалысты ұнатады. Өрт кезінде анасы мен қызы қаза тапты, ал әкесі мен ұлы аман қалды.

25 жастағы Шеввал Шахин қонақ үйде даяшы болып жұмыс істеген. Өрт кезінде ол бейнеқоңырау арқылы әкесі Эрдал Шахинге хабарласып, сөйлесу барысында төменге секіру туралы шешім қабылдаған.

Ол тірі қалды, бірақ ауыр жарақат алды. Қазір Шахин Болу университетінің оқу-зерттеу ауруханасының жансақтау бөлімінде ем алып жатыр.

Қонақ үйде көптеген мектеп оқушысы болған. Білім беру мекемелерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында оқушылар мен олардың ата-аналарының қайтыс болуына байланысты көңіл айту жазбалары жарияланды.

"Көз алдымда әуелі қызым, содан кейін ұлым карнизден құлап кетті": Моргта 24 жастағы Дилара Эрманоғлудың денесін тану кезінде оның әкесі жүрек талмасына ұшырады. Қазір ол жансақтау бөлімінде, дәрігерлер жағымды болжам айта алмай отыр.

Өрттен аман қалған Мете Тунч Бодуроғлу бастан өткерген оқиғасын бөлісті.

"Балаларымды қорғау үшін барымды салдым. Бірақ оларды құтқара алмадым. Бөлмелерді бұзып аштық, ішінде басқа адамдар болды. Бір бөлмеде сәби тауып алдым, ол түтінге тұншығып өліп бара жатты. Қолыма алдым, бірақ ол тыныс алмай қалды. Терезелерді сындыру дұрыс емес болды, өйткені жалын жылдамырақ таралар еді. Сондықтан әйелім және балаларыммен бірге әйнектері бүтін бос бөлме тауып, карнизге шықтық. Ұлымды жалын күйдірмесін деп терезе әйнегінің артына тырысып ұстадым. Қасымда әйелім мен қызым қоршаудан ұстап тұрды. Бір сәтте олар төмен құлап кетті. Бәрі біздің көз алдымызда болды. Біз 6-қабатта едік. Ұлым екеуміз карнизден ұзақ ұстап тұрдық, бірақ оның саусақтары әлсіреп кетті. Оның жасы 14-те еді. Ол маған "Әке, шыдай алмаймын" деді. Біз екеуіміз бірге құладық. Оның басы қалай жарылғанын көрдім. Ол сол сәтте мерт болды", – деді ер адам.

Аман қалған әкенің денесінде қанша сүйек сынғаны әлі анықталған жоқ. Дәрігерлер оның қайта жүре алатынына кепілдік бере алмайды.

"Бұл сұмдық. Сүйікті балаларыңмен демалысқа барып, енді үйге жалғыз, жаралы, бос пәтерге оралу қандай қиын...", – дейді Мете.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу