Ақмола облысының Макинск қаласында көлік қағып кеткен 8 жасар қыз көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 7 қыркүйекте сағат 18:00 шамасында Макинск қаласының Мәскеу көшесі бойында болған. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, оқушы сабақтан үйге қайтып келе жатқан. Анасы оны қарсы алуға шыққан.
"Мерседес" көлігінің жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні басып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші медициналық мекемеде көз жұмды. Автокөлік жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр", – делінген өңірлік ПД баспасөз қызметі мәліметінде.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Полиция жүргізушілерді жол ережелерін, жылдамдық режимін қатаң сақтауға және жолда өте мұқият болуға шақырады.