Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елде жұмыс істейтін кедейлер феномені белең алып бара жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Әлеуметтанушылардың айтуынша, Қазақстанда жұмыс істейтін кедейлер феномені белең алуда. Бұл толық жұмыс күні істесе де, жалақысы кедейлік шегінен аса алмайтын адамдар деген сөз. Әсіресе, бұл мемлекеттік секторға қатысты. Кітапханашылар, есепшілер, техникалық қызметкерлер және тағы басқалар толық жұмыс күн істеп, бірақ жалақысы бойынша кедейлік шегінде тұрады. Бұл да өте қауіпті жағдай болып тұр", - деді Асхат Аймағамбетов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.
Мәжіліс депутаты мигранттардың еңбек нарығындағы үлесі туралы нақты мәлімет жоқ екенін баса айтты.
"Релоканттарды айтпағанда, еңбек миграциясының өсуі бұл жаһандық трендтердің өсуінің көрінісі. Бірақ, біз еңбек миграциясын басқаруымыз керек. Дегенмен бүгінде стратегия көрінбейді. Біз басқа елдерге жұмысқа шығатын азаматтарымыздың құқықтарымен жеткілікті деңгейде айналыспаймыз. Алысқа бармай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерді алайық. Әртүрлі мәліметтер бойынша осы одақта шамамен 200 мың қазақстандық жұмыс істейді. Бұл іс жүзінде бүтін бір саламен тең. Көптеген отандастарымыз Оңтүстік Кореяда еңбек етіп жатыр. Бұл аздай соңғы кездері Англияда құлпынай теріп жүрген азаматтар көбейіп кеткен. Олардың саны қанша және бұл факторлар біздің жұмыспен қамту статистикасында және басты саясатта ескеріле ме – біз оны бүгінде білмейміз. Біздің елдің азаматтары жұмыс істейтін барлық мемлекетпен, тіпті ол мемлекетте бір ғана отандасымыз жұмыс істейтін болса, олардың құқықтарын қорғау бойынша келісімдер жасалуы керек", - деді халық қалаулысы.
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, кәсіби бағдар жұмысы бағытында жұмыс өте әлсіз.