Анкара сириялық күрдтермен келіссөз жүргізбейтінін алға тартты

932

Ердоған: Ешқашан террорлық ұйымдармен бір үстел басында отырмадық. Отырмаймыз да.

Анкара сириялық күрдтермен келіссөз жүргізбейтінін алға тартты

Ресми Анкара сириялық күрдтердің өзін-өзі қорғау күштерімен келіссөз жүргізуге құлық танытып отырған жоқ. Бұл туралы Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған мәлімдеді. 

"Біз лаңкестерді лаңкестер деп атайтын боламыз. Ешқашан террорлық ұйымдармен бір үстел басында отырмадық. Отырмаймыз да", – деді түрік басшысы. Сонымен қатар ол Түркияның Сириядағы әскери операциясын сыңға алған Батыс елдерін қылмыскерлерге қолдау білдірді деп айыптады. 

Естеріңізге сала кетейік, 9 қазанда Түркия әскері Сирияның солтүстігінде орналасқан сириялық күрдтер жасағының бақылауындағы аудандарға енген болатын. Анкараның айтуынша, бұл операция аймақтағы "Күрдістанның жұмысшы партиясын" және "Ирак және Левант" лаңкестерін ығыстырып, қауіпсіздік аймағын құруға бағытталған. Ол жерге түрік билігі екі миллионға жуық сириялық босқынды орналастыруды жоспарлап отыр. Анкараға бұл аймақта Сирия оппозициясының қарулы күштері қолдау көрсетті.

Ал Түркияның Батыстағы серіктестері мен АҚШ бұл операцияны сынға алды. Айта кететін жайт, Анкараның бұл әрекеті Трамптың кенеттен америкалық қарулы күштерді Сириядан шығару туралы мәлімдемесінен кейін басталған. Күрдтер мен ресми Дамаск болса, бірлесе түріктерге тойтарыс беруге келіскен еді. 

Бірақ бейсенбіде операцияның 120 сағатқа тоқтатылатыны және күрд жасақтарының 30 шақырым қашықтыққа шегінетіні жарияланып, аймақ қарусыздандырылған болатын. Дегенмен шабуылдың тоқтамағаны туралы бірқатар шетелдік басылым хабарлады. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу