Астана қаласының 20 жылдығына орай Анкара қаласында Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен "Астананың 20 жылдығы" атты концерт өтті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Мәдени шараға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу, дипломатиялық мекемелердің, іскер топтардың өкілдері және зиялы қауым мен жергілікті халық қатысты.
Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы оркестрі өнер көрсеткен салтанатты шараның ашылуында сөз сөйлеген елші А.Сапарбекұлы аталған концерттік бағдарламаның елордамыз Астананың 20 жылдығына тарту етіліп отырғанын, сондай-ақ Астана мен Анкараның қалыптасу тарихында ұқсастық бар екенін атап өтті.
Концерттік бағдарлама Қазақстанның халық артисі, композитор Ескендір Хасанғалиевтің "Жанарым" шығармасымен басталып, қазақ ұлттық музыкасының символдары - Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Сейілхан Қисанов және т.б. белгілі композиторлардың туындалырымен жалғасты.
Ұлттық композициялармен қатар әлемдік классикалық музыка да орындалды. Ұлы дала елінің музыкалық сәлемдемесін жеткізген өнерпаздар көрермендер тарапынан ыстық ықылас пен қошеметке ие болды.