Түркия астанасы Анкарада болған су тасқынынан 150-ге жуық көлік пен бірнеше ғимарат зақымдалған. Әсіресе толассыз нөсер жауыннан Мамак ауданындағы дүкендер мен мейрамханаларды су шайып, кәсіпкерлер шығынға шаш етектен батты, деп хабарлайды 24.kz.
Қазіргі таңда Түркияның Апат және төтенше жағдай қызметі шығын көлемін есептеп, өтемақы төлеу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл іске сақтандыру компаниялары да жұмылдырылған. Осыған дейін жергілікті билік тасқыннан 6 адамның зардап шеккенін хабарлады. Дәрігерлер олардың жағдайы бірқалыпты деп бағалап отыр.
Бүгінде қаланың коммуналдық қызметі көлік қатынасын қалыпқа келтіру үшін жол бойын тазалап жатыр. Синоптиктердің болжамы бойынша Анкарада жауын-шашын әлі үш тәулік бойы жалғасады.