Анкарада өткен "Түркі мемлекеттері әйел кәсіпкерлерінің күші" алғашқы конкурсында қазақстандық кәсіпкер әйелдер марапатталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағы түркі әлеміндегі кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып жүрген әйел көшбасшыларды салтанатты түрде құттықтады. Қазақстан делегациясы Түркі мемлекеттері әйел кәсіпкерлер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанованың жетекшілігімен іс-шараларға белсенді қатысып, екі маңызды номинацияда марапатқа ие болды.
Іс-шаралардың басты бөлігі – алғаш рет ұйымдастырылған "Түркі мемлекеттері әйел кәсіпкерлерінің күші" конкурсы. Оның мақсаты – табысқа жеткен әйелдердің шынайы оқиғаларын таныстыру, өңірлік экономикадағы әйел көшбасшылығын көтермелеу және түркі әлеміндегі кәсіпкер әйелдер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту.
Қазақстандық қатысушылар екі номинация бойынша марапатталды.
"Әйелдерді жұмыспен қамтудың ең жоғары өсімін көрсеткен компания" номинациясы бойынша 2023-2024 жылдарындағы нәтижелері үшін "Rakhim baby" компаниясының жетекшісі Майра Бағытжан марапатталды. Компания жаңа туған нәрестелер мен бір жасқа дейінгі балаларға арналған жоғары сапалы киім өндіреді. Кейінгі жылдары өндіріс ауқымын кеңейтіп, әйелдерге жұмыс орындарын ашуда. Бұл бағыт өңірдегі әйел кәсіпкерлігін дамытуға қойылған стратегиялық міндеттерге сай келеді.
Сондай-ақ, бұл номинацияда PTC Holding компаниясы марапатқа ие болды. PTC Holding мұнай-газ және контейнерлік салаларда кешенді логистикалық қызмет көрсететін, Орталық Азия елдеріндегі ең ірі жылжымалы теміржол құрамдары мен инфрақұрылымның иесі және операторы болып табылатын жетекші компаниялардың бірі. Компания жыл сайын әйелдердің жұмыспен қамтылу көрсеткішінің өсімін — басқарушы құрамда да, негізгі қызметкерлер қатарында да — көрсетіп келеді.
"Әйел кәсіпкерлерінің күші" номинациясында Сәуле Салихова, Маңғыстау облыстық Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі, жеңімпаз атанды. Ол көптеген жылдар бойы өңірде әйел кәсіпкерлігін дамытуға қолдау көрсетіп келе жатқан беделді бизнес-көшбасшы. Сондай-ақ ол Қазақстанда "Бір ауыл – бір өнім" ұлттық бастамасын үлгілі деңгейде жүзеге асыруымен танымал.
Ләззат Рамазанова түркі мемлекеттері арасындағы әйел кәсіпкерлігін қолдаудағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті:
"Түркі мемлекеттері әйел кәсіпкерлері бүгінгі күні орнықты дамудың жаңа стандарттарын қалыптастыруда. Олардың үлесі жергілікті бизнестен басталып, одан да жоғары деңгейге шығады – олар жұмыс орындарын ашады, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді, кооперациялық модельдер енгізеді және әлеуметтік өзгерістердің қозғаушы күшіне айналады. Қазақстан әйел көшбасшылығын жүйелі түрде қолдайды, әрі біздің кәсіпкер әйелдеріміздің түркі әлемінде бәсекеге қабілетті нәтиже көрсетіп, үлгі болып жүргеніне мақтанамыз".
Сапар барысында Қазақстан делегациясы Анкарадағы ұйымдастырылған өнеркәсіптік аймақтар – OSB (Organize Sanayi Bölgesi) жұмысымен де танысты. Түркияның бұл индустриялық кластерлік моделі өңірдегі ең тиімді жүйелердің бірі саналады: бір сала кәсіпорындары қаладан тыс орналасып, кооперациялық тізбектерге бірігеді, арнайы инфрақұрылымды пайдаланады және ортақ сервистер арқылы шығындарды азайтады. Өз индустриялық аймақтарын дамытып жатқан Қазақстан үшін бұл тәжірибе айрықша құндылыққа ие.
Сонымен қатар делегация қатысушылары Түркияның Әйел жұмыс берушілер және өнеркәсіпшілер қауымдастығы (KAISDER) құрамындағы әйел кооперативтерінің жұмысымен танысты. Түркияда агроөңдеу, қолөнер, шағын өндірістер сияқты бағыттарда дамыған әйел кооперациясының табысты үлгілері Қазақстан өңірлерінде қолдануға мүмкіндік береді.
"Түркі мемлекеттері әйел кәсіпкерлерінің күші" конкурсы енді жыл сайын өткізіліп, Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағы мен Түркі мемлекеттері әйел кәсіпкерлер кеңесінің қолдауымен жүзеге асатын болады. Жоспарға сәйкес номинациялар саны кеңейтіліп, тәжірибе алмасу күшейтіледі және түркі әлеміндегі әйел бизнесін қолдауға арналған бірлескен жобалар дамытылады.