Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі отандық әнші Ерболат Құдайбергенге қатысты таралған ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін әлеуметтік желіде әншіге ұқсайтын ер адамның наркологиялық орталықтың алдында тұрған видеосы тараған болатын.
"Алматы қаласы Полиция департаментіне көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің тұрғындарынан көршісінің агрессивті мінез-құлық танытып, қоғамдық тәртіпті бұзып жүргені туралы хабарлама келіп түсті. Учаскелік полиция инспекторы оқиға орнына жедел түрде барды. Ақпарат расталды: азамат өзін-өзі бақылай алмайтын күйде болып, айналасындағыларға агрессия танытып, тұрғындардың тыныштығына қауіп төндірген", – делінген ресми хабарламада.
Полиция аталған азаматтың медициналық куәландырудан өткізу үшін жеткізілгенін хабарлады.
"Медициналық көрсеткіштерді ескере отырып және ықтимал құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында ол 15 тәулікке мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері оны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірқатар баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Атап айтқанда, азаматтардың тыныштығын бұзу, тіркеусіз тұру және қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу деректері бойынша шаралар қабылданды", – деп хабарлады қалалық полиция.
Ерболат Құдайберген бұған дейін де қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.